Жаңалықтар

Шанхай медиасы мен дипломатиясы: Қазақстанмен байланыс қалай дамып жатыр?

Шанхай медиасы мен дипломатиясы: Қазақстанмен байланыс қалай дамып жатыр?

Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен өткен журналистерге арналған баспасөз туры аясында Шанхайдағы Shanghai United Media Group медиахолдингіне бардық. Кездесу барысында дәстүрлі басылымдардан бастап цифрлық платформалар мен жасанды интеллектке дейінгі медианың өзгеру жолымен таныстық. Ал Шанхай қоғамдық дипломатия қауымдастығының төрағасы Чжоу Ханьминь журналистердің елдер арасындағы байланыстағы рөліне тоқталды, деп жазады Ozgeris.info. 

Shanghai United Media Group 2013 жылы «Цзефан жибао» және «Вэньхуэй–Синьминь» баспа топтарының бірігуі нәтижесінде құрылған. Бүгінде оның құрамына «Цзефан жибао», «Вэньхуэй бао», «Синьминь ваньбао» газеттері, ағылшын тіліндегі Shanghai Daily және The Paper, Shanghai Observer, Jiemian News сияқты цифрлық платформалар кіреді. Топтың қызметі газет шығарумен шектелмейді: интернет-БАҚ, халықаралық коммуникация, мәдениет және технологиялық жобаларды да қамтиды.

Медиахолдинг цифрлық ортаға белсенді бейімделіп келеді. Айтылған мәліметке сәйкес, 2025 жылы оның әртүрлі платформалардағы жазылушыларының жалпы саны 564 миллионға жеткен. Бір жылда 7 600-ден астам онлайн-трансляция өткізіліп, The Paper мобильді қосымшасын жүктеу саны 290 миллионнан асқан. Редакциялық жұмысқа жасанды интеллект енгізетін бірыңғай платформа құрылған. Сонымен қатар түрлі тақырыпта жұмыс істейтін 250-ден астам мультимедиалық редакция мен шығармашылық студия бар.

Топ шетелдік аудиторияға арналған жобаларын да дамытып отыр. Shanghai Daily мен Sixth Tone халықаралық оқырманға Қытай және Шанхай туралы ақпарат ұсынады. Ал City News Service қалада тұратын, жұмыс істейтін немесе саяхаттайтын шетелдіктерге арналған ақпараттық-сервистік платформа ретінде жұмыс істейді. 2025 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша, медиатоптың шетелдік әлеуметтік желілердегі 73 аккаунтының жазылушылары 11,7 миллионнан асқан.

«Журналистер – тәжсіз король»: Шанхайда дипломатпен кездесу

Келесі күні Шанхай қоғамдық дипломатия қауымдастығының төрағасы Чжоу Ханьминьмен кездестік. Қауымдастық 2011 жылы құрылып, Қытайдың материктік бөлігіндегі осындай алғашқы ұйым болған. Ол қоғамдық ұйымдар, бизнес, университеттер, сарапшылар мен мәдениет өкілдері қатысатын халықаралық диалог пен ынтымақтастық алаңын қалыптастыруға бағытталған.

Чжоу Ханьминь журналистердің халықтар арасындағы түсіністікті нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Журналистер халықтар арасындағы байланыста шешуші рөл атқарады. Қытай тілінде журналистерді “тәжсіз король” деп атайтыны да содан», – деді ол.

Қауымдастық төрағасы Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты дамыту үшін халықтар арасындағы байланысты нығайту маңызды екенін айтты.

«Екі ел арасындағы достық қатынастарды тек халықтар арасындағы достық арқылы ғана ілгерілете аламыз деп сенемін», – деді Чжоу Ханьминь.

Ол қазақстандық журналистердің сапарын Шанхай мен Қазақстан арасындағы байланысты кеңейтуге берілген мүмкіндік ретінде бағалады.

«Шанхайға сапарларыңыз – сирек мүмкіндік. Қаламызды жақыннан танып, Шанхай тұрғындарының ыстық ықыласы мен құрметін еліңізге жеткізесіздер деп үміттенемін», – деді ол.

Кездесуде цифрлық платформалар мен жасанды интеллект тақырыбы да қозғалды. Чжоу Ханьминь WeChat пен Xiaohongshu қосымшаларындағы аударма мүмкіндіктерін атап, тіл кедергісінен қорықпауға шақырды. Сондай-ақ Қазақстанмен жасанды интеллект саласында ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

«Қазақстандық компаниялар жасанды интеллектіні қолдану бағытында бізбен көбірек әріптестік орнатса деймін», – деді қауымдастық төрағасы.

Шанхайдағы кездесулер медианың цифрлық технологиямен бірге қалай өзгеріп жатқанын және журналистиканың халықаралық байланыстағы орнын көрсетті. Чжоу Ханьминьнің сөзінен де бір ой айқын байқалды: екі ел арасындағы қарым-қатынасты ресми кездесулер ғана емес, журналистер мен қоғам өкілдерінің өзара араласуы, бір-бірін танып-білуі де нығайтады.

 

Барлық жаңалық