13 қарашада Жезқазған қаласында 3 мыңға дейін адамды қабылдай алатын Ұлытау облысының жаңа Орталық мешітінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Өңірдегі ең ірі рухани нысандардың бірі саналатын мешіттің құрылысы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Байқау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, корпорацияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Ұлытау облысының құрметті азаматтары, ақсақалдар мен мердігер ұйымның өкілдері қатысты.

Мешіт құрылысы 2025 жылы басталды. Шілде айында Қазақстанның Бас мүфтиінің қатысуымен жаңа мешіттің іргетасына алғашқы тас қалау рәсімі өткен болатын. Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ал бас мердігері – «Integra Construction» ЖШС. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төралқасының шешімімен жаңа ғибадат үйіне «Ұлытау облысының Орталық мешіті» атауы берілді.
Жаңа мешіт Жезқазған қаласының орталық бөлігінде орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы шамамен 3 800 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында мешітке іргелес 4 855 шаршы метр аумақты көгалдандыру да қарастырылған.
Мешіт өңір тұрғындарының құлшылық жасап, діни-ағартушылық іс-шаралар өткізіп, рухани тұрғыда бас қосатын маңызды орталығына айналмақ.

«Бүгін – Ұлытау облысының рухани өміріндегі шын мәнінде ерекше, тарихи күн. Халқымыздың тарих бесігі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде жаңа мешіттің бой көтеруі – имандылыққа, ізгілікке және рухани құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі», – деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Орталық мешіттің ашылуы «Қазақмыстың» қаржылық қолдауымен жүзеге асырылған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болды.
«Бүгін біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін, ұрпақтар сабақтастығын, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін жаңа рухани орталықтың есігін ашып отырмыз», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Байқау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастыру корпорация қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Қазақмыс» бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қатысып келеді.
Атап айтқанда, Жезқазған қаласында жаңа мешітке жақын орналасқан Кеңгір су қоймасының жағалауын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар «Жастар» саябағын абаттандыру, С. Қожамқұлов атындағы театрды күрделі жөндеу және «Намыс» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясын салу жұмыстары жалғасуда.
Ұлытау университетінің құрылысы да аяқталу сатысында. Сондай-ақ студенттер жатақханасы ғимаратының құрылысы соңғы кезеңге жетті.
Ал Сәтбаев қаласында Шахтерлер даңқы алаңын қайта жаңғырту және қалалық аурухана жанынан жаңа травматология бөлімшесіне арналған қосымша ғимарат салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.

«Ұлытау облысының дамуы біз үшін ерекше маңызға ие. Өндірісті жаңғырта отырып, біз компаниямыздың басты қағидатын – халық игілігі үшін еңбек етуді әрдайым басшылыққа аламыз», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
2027 жылы өңірде әлеуметтік инфрақұрылымның жаңа нысандарын салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында көпфункционалды конгресс-орталық, футбол стадионы және заманауи теннис орталығы бар.

Аталған жобалар қалалық ортаны дамытуға, тұрғындардың білім алуына, спортпен шұғылдануына және мәдени демалысын ұйымдастыруына жаңа мүмкіндіктер ашуға, сондай-ақ Ұлытау облысы халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
«Қазақмыс» корпорациясы алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуы үшін ұзақмерзімді маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға қатысуын жалғастырады.
