Денсаулық

Маймыл шешегі Қазақстанға жетуі мүмкін бе: Ресейдегі жағдай, қауіп пен сақтық шаралары

Маймыл шешегі Қазақстанға жетуі мүмкін бе: Ресейдегі жағдай, қауіп пен сақтық шаралары

Әлемде маймыл шешегінің таралуы қайтадан алаңдаушылық туғызып отыр. Бұрын ауру негізінен Африка елдерінде кездессе, соңғы жылдары Еуропа мен Америкада да тіркеле бастады. Кейбір мемлекеттерде вирусты шетелге шықпаған адамдардың жұқтыруы инфекцияның ел ішінде таралып жатқанын көрсетеді. Жақында көршілес Ресейде де бірнеше адамның маймыл шешегімен ауырғаны расталды. Бұл жағдай Қазақстанға қаншалықты қауіп төндіреді? Вирус шекарадан өтуі мүмкін бе және еліміз оған қаншалықты дайын?

Осы және өзге де сұрақтарға жауапты Оzgeris.info сайтынан оқи аласыз...

Еуропада маймыл шешегі қайта өршіді

Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының (ECDC) 2026 жылғы қазан айындағы мәліметіне сәйкес, қыркүйекте Еуропалық одақ пен Еуропалық экономикалық аймақтың 17 елінде маймыл шешегінің Clade I түрін жұқтырған 342 адам анықталған. Тамызда 354, шілдеде 317 жағдай тіркелген. Қыркүйекте ең көп науқас Испанияда анықталды – 94 адам. Германияда 69, Португалияда 50, Нидерландта 28, Франция мен Италияда 17 адамнан вирус жұқтырған. Ал 2025 жылғы қазан мен 2026 жылғы қыркүйек аралығында Еуропаның 23 елінде Clade I түрін жұқтырған 1939 адам тіркелген. Осы кезеңде Clade II түрімен ауырғандар саны 751 болған.

Мамандарды алаңдатып отырған негізгі мәселе – вирустың таралу сипатының өзгеруі. Бұрын Еуропада маймыл шешегін жұқтырғандардың көбі Африка елдеріне барып келген азаматтар болатын. Қазір шетелге шықпаған адамдар арасында да ауру анықталып жатыр. Мәселен, қыркүйекте сапарлары туралы мәліметі бар 160 науқастың 155-і Еуропалық одақ пен Еуропалық экономикалық аймақтан тыс жерге шықпаған. Бұл вирустың кейбір мемлекеттерде жергілікті тұрғындар арасында таралып жатқанын аңғартады.

Маймыл шешегінің екі негізгі генетикалық тармағы бар: Clade I және Clade II. Олардың бірнеше түрі кездеседі. Соңғы жылдары мамандар Clade Ib түріне ерекше назар аударып отыр. 2024 жылы Конго Демократиялық Республикасында және көршілес елдерде осы вирустың таралуына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялаған болатын. Кейін инфекция Африкадан тыс мемлекеттерде де анықтала бастады. Дегенмен вирустың барлық түрі бірдей ауыр өтпейді. Аурудың асқынуына адамның жасы, иммундық жүйесінің жағдайы және медициналық көмекті қаншалықты ерте алғаны әсер етеді.

ECDC дерегінше, Еуропада Clade I жұқтырғандардың 13 пайызы ауруханаға жатқызылған. Clade II бойынша бұл көрсеткіш 7 пайыз болған. Бірақ мамандар ауруханаға түскен науқастардың арасында да инфекция көбіне жеңіл өткенін атап өтеді. Сондықтан ауруханаға жатқызылғандардың үлесін вирустың өлімге әкелу ықтималдығымен шатастыруға болмайды.

Ресейдегі жағдай қандай?

Қазақстан үшін соңғы күндердегі маңызды жаңалықтардың бірі – Ресейде маймыл шешегін жұқтыру жағдайларының анықталуы. 15 қазанда Мәскеу облысында ауруға күдікті адам туралы ақпарат тарағаннан кейін Роспотребнадзор санитариялық тексеру бастаған. Науқаспен байланыста болған бес адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Ал 16 қазанда Санкт-Петербургте маймыл шешегіне күдікпен бес адамның ауруханаға жатқызылғаны хабарланды. 19 қазанда Боткин атындағы инфекциялық аурухана олардың диагнозы зертханалық тексеру нәтижесінде расталғанын мәлімдеді.

Осылайша, Ресейде маймыл шешегін жұқтырған кемінде бес адам анықталды. Бірақ Мәскеу облысындағы күдікті жағдай мен Санкт-Петербургте тіркелген бес науқасты бір оқиға деп қарастыруға болмайды. Олар жөнінде бөлек хабарланған. Роспотребнадзор елде инфекцияны дер кезінде анықтау және оның таралуына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Ведомство науқаспен байланыста болғаннан кейін өзін жайсыз сезінген азаматтарға медициналық көмекке жүгінуге кеңес берді.

Ресейде маймыл шешегі бұған дейін де тіркелген. Мәселен, 2026 жылғы ақпанда Санкт-Петербургте инфекция жұқтыру жағдайы анықталған болатын. Сондықтан қазан айындағы оқиғаларды елде алғаш рет тіркелген жағдайлар деп айту дұрыс емес. Сонымен бірге бес адамның диагнозы расталғаны инфекцияның бүкіл Ресейге таралғанын білдірмейді. Әзірге олардың вирусты қайдан жұқтырғаны, бір-бірімен байланысы және аурудың нақты қай түріне шалдыққаны жөнінде толық ақпарат жарияланған жоқ.

Бұл мәліметтер аурудың таралу ауқымын бағалау үшін маңызды. Өйткені шетелден келген бір адамның инфекция жұқтыруы мен вирустың ел ішінде тұрақты таралуы екі бөлек жағдай. Біріншісінде инфекцияны сырттан әкелген адамды анықтап, онымен байланыста болғандарды бақылауға алу жеткілікті болуы мүмкін. Ал екіншісінде аурудың таралу жолдарын анықтап, қосымша санитариялық шаралар қабылдау қажет.

Қазақстанға вирус Ресей арқылы келуі мүмкін бе?

Қазақстан мен Ресейдің арасындағы мемлекеттік шекараның ұзындығы 7,5 мың шақырымнан асады. Екі ел арасында автомобиль, теміржол және әуе қатынасы тұрақты жұмыс істейді. Азаматтар жұмыс, оқу, сауда және жеке шаруаларымен шекарадан жиі өтеді. Сондықтан Ресейде жұқпалы аурудың тіркелуі Қазақстан үшін де назар аударуды қажет етеді. Бірақ адамдардың көп қатынауы вирустың міндетті түрде таралатынын білдірмейді. Мұнда ең алдымен инфекцияның қалай жұғатынын ескеру керек.

Маймыл шешегі коронавирус сияқты ауа арқылы оңай таралмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, инфекция көбіне науқаспен жақын физикалық байланыс кезінде жұғады. Вирус терідегі бөртпелер мен жараларға, дене сұйықтықтарына немесе науқас пайдаланған заттарға жанасу арқылы берілуі мүмкін. Жыныстық қатынас та жұқтыру жолдарының бірі саналады. Сондықтан ауру жұқтырған адаммен бір бөлмеде қысқа уақыт болу мен онымен ұзақ әрі жақын байланыста болудың қаупі бірдей емес.

19 қазанда Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегінің елге сырттан келу ықтималдығын жоққа шығармайтынын мәлімдеді. Ведомствоның аса қауіпті инфекцияларды бақылау басқармасының бас сарапшысы Айжан Жүкенованың айтуынша, әлемнің кейбір елдерінде аурудың тіркелуі және халықаралық қатынастың белсенділігі Қазақстан үшін де белгілі бір қауіп тудырады. Бірақ вирустың жұғу ерекшеліктерін ескергенде, оның халық арасында кеңінен таралу ықтималдығы төмен.

Мұндай бағалаудың негізі бар. Маймыл шешегінің таралуы үшін көбіне науқаспен жақын байланыс қажет. Сондықтан Ресейден Қазақстанға инфекция жұқтырған адамның келуі мүмкін болғанымен, бұл ел ішінде жаппай ауру басталады деген сөз емес. Дегенмен қауіптің төмен болуы сақтық шараларынан бас тартуға негіз бола алмайды. Әсіресе халықаралық сапардан кейін дене қызуы көтеріліп, теріде түсініксіз бөртпелер пайда болған адамдардың дәрігерге дер кезінде қаралғаны маңызды.

Қазақстан індетке қаншалықты дайын?

Денсаулық сақтау министрлігінің 19 қазандағы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда маймыл шешегін жұқтыру жағдайлары анықталмаған. Соған қарамастан, халықаралық қатынастың белсенділігі ескеріліп, мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілген. Медициналық ұйымдарда ауруға күдікті адамдарды анықтау, оқшаулау және зертханалық тексеру шаралары қарастырылған. Бұл жұмыстар Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2024 жылғы 26 тамыздағы №8 қаулысына сәйкес жүргізіледі.

Бірақ шекарадағы медициналық бақылаудың да мүмкіндігі шектеулі. Маймыл шешегінің жасырын кезеңі әдетте бірнеше күннен үш аптаға дейін созылуы мүмкін. Яғни адам вирус жұқтырғанымен, алғашқы белгілер бірден байқалмайды. Сондықтан шекарадан өткен кезде дене қызуы қалыпты болған адамның инфекция жұқтырмағанына толық кепілдік жоқ. Мұндай жағдайда ауру белгілерін дер кезінде байқау, науқасты оқшаулау және онымен байланыста болған адамдарды анықтау маңызды.

Қазақстан-Ресей медицина университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының профессоры Андрей Дмитровский КТК телеарнасына берген сұхбатында маймыл шешегінің таралу жолдарына тоқталған. Оның айтуынша, бұрын адамдар бұл инфекцияны көбіне ауру жануарлармен байланыс кезінде жұқтырса, қазір вирус адамнан адамға да таралып жатыр. Маман жақын физикалық байланыс, соның ішінде жыныстық қатынас, ауру жұқтыру қаупін арттыратынын түсіндірген.

Дегенмен маймыл шешегін тек жыныстық жолмен берілетін ауру деп қарастыру дұрыс емес. Инфекция науқастың терісіндегі жаралармен, бөртпелермен немесе вирус жұққан заттармен байланыс кезінде де берілуі мүмкін. ДДҰ мәліметінше, кез келген адам ауру жұқтыруы ықтимал. Бұл адамның қандай әлеуметтік топқа жататынына емес, науқаспен қаншалықты жақын байланыста болғанына байланысты.

Аурудың алғашқы белгілері тұмауға ұқсас келеді. Науқастың дене қызуы көтеріліп, басы мен бұлшықеттері ауырады, әлсіздік пайда болады. Кейін теріде бөртпелер мен жаралар шығуы мүмкін. Маймыл шешегінің тағы бір белгісі – лимфа түйіндерінің ұлғаюы. Бөртпелер бетте, қолда, аяқта, ауыз қуысында немесе дененің басқа бөліктерінде пайда болады. ДДҰ дерегінше, ауру көбіне екі-төрт аптаға созылады және науқастардың басым бөлігі сауығып кетеді. Бірақ кішкентай балалар, жүкті әйелдер мен иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда асқыну қаупі жоғары.

Маймыл шешегі жаңа пандемияға айнала ма?

Маймыл шешегінің бірнеше құрлықта тіркелуі оның коронавирус сияқты пандемияға айналатынын білдірмейді. Бұл екі инфекцияның таралу жолдары әртүрлі. COVID-19 негізінен ауа арқылы жұқса, маймыл шешегі көбіне жақын физикалық байланыс кезінде беріледі. Сондықтан оның адамдар арасында таралу жылдамдығы да өзгеше.

Дегенмен вирустың таралу аумағының кеңеюі мамандардың назарын аударып отыр. ДДҰ-ның 2026 жылғы қыркүйектегі есебінде маймыл шешегінің бірнеше генетикалық түрі әлемнің әртүрлі өңірлерінде тіркеліп жатқаны көрсетілген. Clade Ib Африка мен Еуропаның кейбір елдерінде жергілікті тұрғындар арасында таралып отыр. Ал Clade IIb 2022 жылдан бері әлемнің көптеген мемлекетінде анықталып келеді. Бұл маймыл шешегінің енді тек Африка елдеріне тән инфекция емес екенін көрсетеді.

Сонымен бірге аурудың таралуына қатысты деректерді дұрыс түсіндіру маңызды. Еуропада бірнеше жүз адамның инфекция жұқтыруы немесе Ресейде бес науқастың анықталуы бүкіл халыққа бірдей қауіп төніп тұрғанын білдірмейді. ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы маймыл шешегі бұрын кең таралмаған елдерде жалпы халық үшін қауіпті төмен деп бағалайды. Ал инфекция жұқтыру ықтималдығы жоғары адамдар үшін қауіп орташа деңгейде.

Қазақстан үшін қазіргі негізгі мәселе – вирустың сырттан келу ықтималдығына дайын болу. Ресейде соңғы күндері тіркелген жағдайлар көрші елдердегі эпидемиологиялық ахуалды бақылаудың маңызын көрсетті. Бірақ инфекцияның таралу ерекшеліктері мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі берген бағаны ескерсек, әзірге жаппай індет басталады деуге негіз жоқ.

Соған қарамастан, маймыл шешегінің жасырын кезеңі, халықаралық қатынастың белсенділігі және вирустың кейбір елдерде жергілікті тұрғындар арасында таралуы сақтық шараларын жалғастыруды қажет етеді. Шекарадағы бақылаумен қатар, медицина қызметкерлерінің дайындығы, күдікті жағдайларды зертханалық тексеру және халыққа аурудың белгілері туралы дұрыс ақпарат беру маңызды.

Қазір Қазақстанда маймыл шешегі тіркелмегенімен, Ресей мен Еуропадағы жағдай инфекцияның сырттан келу мүмкіндігін естен шығармау керегін көрсетеді. Сондықтан басты міндет – аурудың таралу қаупін асыра көрсетпей, оның алдын алуға қажетті шараларды уақытында қабылдау. Өйткені жұқпалы аурумен күресте ең тиімді жолдардың бірі – алғашқы жағдайды дер кезінде анықтап, оның әрі қарай таралуына мүмкіндік бермеу.

Барлық жаңалық