АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийдің орнына келіссөздерді басқа біреудің жүргізетін уақыты келген болуы мүмкін екенін мәлімдеді,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Трамптың айтуынша, Зеленский соғысты әлдеқашан тоқтатуы керек еді. Оның пікірінше, егер Украина басшысы бұрын оның ұсыныстарын тыңдағанда, әлдеқайда тиімді келісімге қол жеткізе алар еді.
«Менің ойымша, Украина атынан келіссөз жүргізу үшін басқа біреудің шығатын уақыты келген сияқты. Не болды? Өте көп адам қаза тапты. Олар ер азаматтарынан айырылып жатыр», – деді АҚШ президенті журналистерге.
Сондай-ақ Трамп Зеленскийдің қақтығысты шешуге айтарлықтай үлес қоспай отырғанын айтты. Оның пікірінше, Украина президенті соғысты тоқтатуға мүдделі емес. Ал өзі адамдардың қаза табуын тоқтатуды қалайтынын жеткізді.
«Біз Украинаға көп көмек көрсеттік. Ал олар бізге ештеңе берген жоқ», – деді Трамп.
Украина президентінің қатысуынсыз соғысты тоқтату жөнінде келіссөздер жүргізу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берген АҚШ басшысы келіссөз үстелінде кімнің отыратынына қарамастан, қақтығысты аяқтау үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.