Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) Бақылау, тәртіптік және этика комитеті Премьер-лиганың 23-туры аясында өткен «Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы матчқа байланысты тәртіптік шешім шығарды. Нәтижесінде ақтөбелік клубқа жалпы сомасы 2,4 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
ҚФФ шешіміне сәйкес, «Ақтөбе» клубы үш түрлі тәртіп бұзушылық үшін жауапқа тартылды. Жалпы айыппұл көлемі 550 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрады.
«Ақтөбе» не үшін жазаланды?
Алғашқы жаза матчты ұйымдастыру кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауына байланысты қолданылды. Атап айтқанда, клубтың директоры Б. Дузельбаевтың рұқсатсыз төрешілердің киім ауыстыратын бөлмесіне кіргені анықталған. Осы әрекеті үшін «Ақтөбе» клубына 300 АЕК, яғни 1,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Екінші жаза команда жанкүйерлерінің тәртіпке сай емес әрекеттеріне қатысты болды. Кездесу барысында жанкүйерлер матчтың ресми тұлғаларына балағат сөздер айтып, қарсылас командаға қатысты қорлайтын сөздер қолданған. Осыған байланысты клуб тағы 200 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар «Ақтөбенің» бас бапкері Игорь Черевченко да жазасыз қалған жоқ. ҚФФ Этика кодексінің талаптарына сәйкес, дискредиттеуші сипаттағы мәлімдемелері үшін оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Клуб пен бас бапкерге салынған айыппұлдарды 2026 жылдың 20 қарашасына дейін төлеу қажет.
«Ордабасы» да айыппұл арқалады
Шымкенттік «Ордабасы» клубы да тәртіптік жазаға ілікті. ҚФФ мәліметінше, команда ойыншыларының киім ауыстыратын бөлмеден алаңға кеш шығуына байланысты матч үш минутқа кеш басталған. Осы жағдай үшін «Ордабасы» клубына 60 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Төлемді 2026 жылғы 20 қарашаға дейін жүзеге асыру керек.
Матчта «Ордабасы» жеңіске жеткен еді
Еске салайық, екі команда арасындағы кездесу Ақтөбе қаласында өтіп, 3:1 есебімен «Ордабасының» пайдасына аяқталған болатын. Бұл жеңіс шымкенттік клубтың Қазақстан Премьер-лигасындағы көшбасшылық орнын нығайтуына мүмкіндік берді. Ал «Ақтөбе» 45 ұпаймен турнир кестесінің бесінші сатысында тұр.