Шымкент қаласындағы Қаратау ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Іңкәр Шаяхмет пен Зарина Бектулла домбыра тартуды үйренуді жеңілдететін Dombra Sense инновациялық жүйесін әзірледі,деп жазады Ozgeris.info.
Жоба ұлттық музыкалық мұраны заманауи технологиялармен ұштастырып, домбыра үйренуді жаңадан бастағандарға және көру немесе есту қабілеті бұзылған адамдарға қолжетімді етуге бағытталған.
Dombra Sense жүйесі домбыра тарту дағдыларын меңгеруге көмектесетін бірнеше құрылғыдан тұрады.
Жарықдиодты индикаторлар қажетті ішек пен пернені көрсетсе, арнайы діріл білезігі қолдың қозғалыс бағытын сезінуге көмектеседі. Ал домбыра корпусына орнатылған құрылғы ырғақты діріл арқылы сезінуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, көру қабілеті бұзылған пайдаланушыларға арналған Брайль қарпімен белгіленген элементтер қарастырылған.
Жобаның мүмкіндіктері мобильді қосымша арқылы кеңейтіледі. Пайдаланушылар оның көмегімен сабақтарды таңдап, оқу қарқынын өз қажеттіліктеріне қарай реттей алады және репертуарларын жаңа шығармалармен толықтыра алады. Сондай-ақ жасанды интеллект көмекшісі мәтін, нота, сурет және аудио форматындағы музыкалық материалдарды интерактивті сабақтарға айналдыруға мүмкіндік береді.
Dombra Sense жобасының басты мақсаты домбыра үйренудегі кедергілерді азайтып, ұлттық өнерді баршаға қолжетімді ету. Оқушылардың бұл бастамасы инклюзивті білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, қазақтың дәстүрлі музыкасын меңгеруге жаңа жол ашады.