Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жылдық есеппен 7%-ға артты. Өсімге негізінен бюджеттен тыс қаражат пен шикізаттық емес сектордағы белсенділік әсер еткен. Бұл туралы Halyk Finance сараптамалық орталығының шолуында айтылған, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты POVestka телеграм арнасына сілтеме жасап.
Сарапшылардың мәліметінше, бюджеттен тыс көздер есебінен шикізаттық емес секторға бағытталған инвестициялар бір жылда 25%-ға көбейген. Ал бюджет қаражаты мен жеке құрылыс салушылардың инвестицияларын есептемегенде, жалпы өсім 17,4%-ды құраған. Бұл жеке және корпоративтік инвестициялық белсенділіктің күшейгенін көрсетеді.
Ең жоғары өсім өңдеу өнеркәсібінде тіркелді. Бұл саладағы инвестиция көлемі 40,1%-ға артқан. Оның ішінде химия өндірісі, азық-түлік өнеркәсібі, электр жабдықтарын шығару және металл емес минералдық өнімдер өндірісіне салынған қаражат көлемі айтарлықтай өскен.
Химия өндірісіне өңдеу өнеркәсібіне бағытталған барлық инвестицияның бестен бір бөлігінен астамы тиесілі.
Электрмен жабдықтау саласына салынған инвестиция 36,9%-ға, ақпарат және байланыс секторындағы көрсеткіш 29,2%-ға өскен. Құрылыс саласында өсім 32%-ды құрады. Салыстыру үшін, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 8,2% болған. Бұған құрылыс жұмыстары көлемінің 11,5%-ға артуы ықпал еткен.
Сонымен қатар кәсіпорындардың машиналар мен жабдықтарды сатып алуға жұмсайтын шығыны да айтарлықтай көбейді. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі техника мен жабдықтардың үлесі 27%-дан 32%-ға дейін өскен.
Жабдық сатып алуға кеткен шығын бір жылда 22,9%-ға артты. Ірі кәсіпорындар бұл бағыттағы сатып алуларын 25%-ға, орта бизнес 53,6%-ға, ал шағын кәсіпорындар 11,2%-ға ұлғайтқан.
Halyk Finance сарапшылары мұны бірқатар ірі жобалардың құрылыс кезеңінен технологиялық жабдықтау кезеңіне өтуімен, сондай-ақ орта және ірі бизнестің өндірістік техникасын жаңартумен байланыстырады.
Инвестицияларды қаржыландыру құрылымында банктік несиелердің үлесі де артқан. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша олардың үлесі 5,6%-ға жетті. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 3,7% болған.
Сарапшылардың бағалауынша, инвестиция құрылымының өңдеу өнеркәсібі, энергетика және жабдықтар бағытына қарай өзгеруі Қазақстан экономикасын технологиялық жаңғыртуға және орта мерзімді кезеңде өндірістік әлеуетті арттыруға негіз қалыптастырады.