Ақмола облысының Бұланды ауданында балық аулауға барған 68 жастағы ер адам суға батып кетті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Зейнеткердің денесі Никольское ауылы маңындағы Жарлыкөл көлінен табылды. Оқиға туралы құтқарушыларға 13 қазанда хабар түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, 1958 жылы туған ер адам балық аулауға кеткен.
Іздестіру барысында мамандар жағадан шамамен 100 метр қашықтықтағы қамыс арасынан резеңке қайықты тапқан. Ал 14 қазан күні таңертең ер адамның денесі судан шығарылды.
Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полиция өкілдері мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Құтқарушылар балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап, міндетті түрде құтқару кеудешесін кию қажеттігін ескертеді.