Қоғам

«Адамдардың ойын оқимын»: Атхамбек Юлдашев не құдыреті барын айтты

«Адамдардың ойын оқимын»: Атхамбек Юлдашев не құдыреті барын айтты

Танымал әнші Атхамбек Юлдашев бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевпен байланысы бар деген әңгімеге қатысты пікір білдірді. Өнер иесі бұл туралы журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Сұхбат барысында журналист әншіден Қуандық Бишімбаев министр қызметін атқарған кезде оның жолын аштырғаны туралы сөздің қаншалықты рас екенін сұрады. Атхамбек Юлдашев мұндай ақпаратты жоққа шығарып, Бишімбаевтың отбасын тек көршілік қарым-қатынас арқылы танитынын жеткізді.

“Жоқ, бұл — жәй әңгіме, өсек. Бірақ, оның әке-шешесі біздің көршілеріміз болған. Сол жағынан танимын, бірақ араласпағанбыз. Амандасып тұрамыз, олар той жасағанда біз барғанбыз. Адамдардың өтірік сөзіне ермеңіздер. Нығматуллиндермен де байланыстырып қойыпты. Ол да өтірік ақпарат”, — деп жауап берді әнші.

Өнер иесі сұхбат барысында өзінің қайырымдылықпен айналысып жүргенін де айтып өтті. Оның сөзінше, бұған дейін жетім-жесірлерге қолдау көрсетіп, мектептерге қаржылай көмек берген. Сондай-ақ әнші өзінің шыққан тегі мен отбасындағы тәрбие туралы сөз қозғады.

“Мен халыққа жақсылық істедім, жетім-жесірлердің басынан сипадым, мектептерге ақшалай көмек бердім. Халыққа жақсылығымды аямағаным үшін елдің батасымен “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері” атағын алдым. Мен қазақтардың ішінде өстім. Сонымен мақтанамын. Мен үшін қазақтардай кең халық жоқ. Әке-шешем тапқаныңды арқалап кетпейсің. Халыққа берсең, батамен сенің жолың болады деп үйреткен. Ата-бабаларымыз арабтардан тараған, қожа руынанмын. Анам — өзбек, әкем жақтан әжемнің анасы индиялық болған”.

Сонымен қатар Атхамбек Юлдашев бойында ерекше көріпкелдік қасиет бар екенін де мәлімдеді. Ол мұндай қабілетті анасының бойындағы қасиетпен байланыстырды.

“Менің анамда бала сүйе алмаған әйелдерге себепші болатын қасиет болған. Анам да тапқанын көршілерге бөліп беретін. Сол қасиеттің бір шеті маған келіп қонған. Адамдардың ішкі дүниесін біліп қоямын. Құдайдың берген көріпкелдігі бар. Іштегі ниетті көріп, адамдардың ойын оқи аламын”, — деді әнші.

Осылайша өнер иесі әлеуметтік желі мен қоғам арасында тараған Қуандық Бишімбаев және Нығматуллиндер әулетімен байланысы туралы әңгімені жалған ақпарат деп атады.

Барлық жаңалық