Күні кеше Астанада тарихи концерт өтті. Билік әлем жұлдызы арқылы еліміз пайда табатынын, бюджетке қыруар ақша түсетінін уәде етті. Концерт өтті. Ән мен биді қызықтаған халық мақтанышын жасыра алмай, әлеуметтік желілерін суреттер мен видеоға толтырды. Көрмегеніміз тек биліктің берген уәдесінің есебі ғана болып отыр. 6,5 миллиард пайда, 400 миллион салық қайда? 15 мың туристің басын қосамыз деп шулатқан шара үмітті ақтады ма? Осы жерде орынды сұрақ туындайды, осындай ауқымды концерттерден кім пайда тауып отыр? Олар кімге тиесілі? Экономикалық тиімділікті кім бақылайды? Осы сұрақтарға Ozgeris.info тілшісі жауап іздеп көрді.
Ақиқат қайда: концерттер, қаржы және ашықтық мәселесі
Концерт ұйымдастыру саласына ешкім үңіле бермейді. Бұл бір үлкен «қара жәшік» сынды. Осындай ауқымды концерттерді кім ұйымдастыратынын, одан қанша табыс түсетінін халық білмейді. Десе де, қазір қоғам белсенділері осы сұрақты ашық қоя бастады. Себебі 6,5 миллиард теңге аз ақша емес, Қазақстандағы бір ауданның жылдық бюджетімен шамалас сома.
Қазір елдімізде концерттік бум жүріп жатқан сияқты. Дженнифер Лопестің концертін талқылап үлгермей жатып, енді 90-жылдары аңызға айналған Backstreet Boys тобының концерті болатыны белгілі болды. Олар Астана және Алматы қалаларында өнер көрсетпек. Негізі, Қазақстанда жұлдыздардың концерттері жиі дау-дамаймен басталады. Мысалы, J.Lo-ныңконцертіне билеттер сатылымға шыққан кезде, «Тикетон» сервисі істен шықты. Оған қоса, Астана орталық стадионындағы жоспардың сәйкес келмеуіне байланысты «Қайрат-Жеңіс» командаларының ойынын кейінге шегеруге тура келді. Сонымен қатар ресейлік әнші Земфираның концертінің де өтпей қалуы күтпеген оқиға болды. Ұйымдастырушылар концерт өтетін орынды дұрыс таңдай алмағанын айтты. Өнер иесі бұл жағдайға ашық наразылығын білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында «барлығы басынан дұрыс болмады» деп жазды. Кейінгісі тіпті шектен шыққандық болды. Қайтарылған билеттер үшін сервис-компаниялар сатып алушылардан билет құнының 10%-на дейін комиссия ұстап қалды. Онсыз да қыруар ақшаға билет сатып алған халықтың халықтың наразылығын тудырған жағдайға дейін жетті. Десе де, алдағы уақытта қазақстандықтарды маңызды іс-шаралар күтіп отыр. Ал олардың артында кім тұр?
Концерт нарығындағы негізгі ойыншылар
Еліміздегі концерт ұйымдастыру және өткізу индустриясында тікелей пайда көріп отырған негізгі ойыншыларға тоқталып өтейік.
Бірінші орында – First F Media Group. Компания 2015 жылдан бері 489 млн теңге салық төлеген. Оның бенефициары – Данна Карағұсова. Құжат бойынша жарнама агенттігі ретінде тіркелген компания 2008 жылы Алматыда ашылған. Ұйымдастырған концерттерінің қатарында Николь Шерзингер мен Дженнифер Лопестің шоуы бар. Ал алдағы жоспарында Backstreet Boys концерті. First F Media Group 2024 жылы Алматы циркімен 28 млн теңгеге мемлекеттік келісімшарт жасасқан. Келісім бойынша компания цирктік, театрлық, көрермендік және ойын-сауық іс-шараларды ұйымдастыруға міндеттеледі.
Компанияның негізін қалаушы 41 жастағы Данна Қарағұсова. Ол бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың қызы, сондай-ақ блогер, кәсіпкер Бейбіт Әлібековтың бұрынғы жары. Қызығы, ол өзінің агенттігінің құрылтайшысы ретінде ресми түрде тек 2024 жылдың қараша айынан бастап тіркелген. Бұған дейін компания басқа тұлғаларға тиесілі болған. 2016 жылғы Informburo материалында First Media Group құрамына телеарна, төрт радиостанция, төрт баспа және екі агенттік кіргені айтылған. Бұрын ол First Media Group атауына ұқсас басқа компанияға да иелік еткен. Қазір ол фирма белсенді емес.
Қарағұсова кәсіпкерлікпен 2010 жылдан бастап айналысып келеді. Бұған дейін ол алкоголь импорттаумен де айналысқан. Бірақ 2024-2025 жылдары ол осы саладағы бірнеше компаниядан шықты. Қазір оның иелігінде First Media Group агенттігінен басқа, Астанадағы «Lilou Bar» (2021 жылы ашылған, серіктесі Рустам Шабсудинов, 47 млн теңге салық төленген), сондай-ақ алкоголь өнімдерін бөлшек сататын «ТOO Vino&Vino» компаниялары бар. Соңғысы 2022 жылдан бастап бар-жоғы 714 мың теңге салық төлеген. Сонымен қатар, ол «APSPAY» атты компьютерлік ойындар жасайтын компанияның құрылтайшысы. Серіктестері – Алтынай Асанова және Мәдина Мұхаммеджанова. Компания 2021 жылдан бері 4 млн теңге салық төлеген. Тағы бір «ИП AVYANNA» компаниясы жылжымайтын мүлік жалдау және басқару саласында жұмыс істейді, 2019 жылдан бері 8,5 млн теңге салық төлеген.
Келесі компания – «Астана концерт» ЖШС. Ол 2016 жылдан бері 156 млн теңге салық төлеген. Бенефициары – Айдана Нұрғожина. Компания 2016 жылы Астанада тіркеліп, мәдени-көркем іс-шаралар ұйымдастырумен айналысады. Концерттік афишаларға қарағанда, бұл компания JLo мен Backstreet Boys концерттерінің тең ұйымдастырушысы, сонымен қатар, Alem Fest 2025 музыкалық фестивалін де ұйымдастырған. Портфолиосында Евгений Плющенконың мұз шоуы, Анна Асти мен МакSим концерттері де бар.
2023 жылдан бері құрылтайшысы ретінде 34 жастағы Айдана Нұрғожина тіркелген. Ол көпшілікке танымал емес, алайда продюсер Малик Хасенов компания атынан жиі сұхбат береді. 2016–2018 жылдары «Астана концерт» ЖШС Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасымен 380 млн теңгеге келісімшарт жасасқан. Компания КВН «Еуразия Кубогы», Astana Duathlon және басқа мәдени іс-шараларды ұйымдастырған.
Нарықтағы тағы бір ойыншы – «Park Live Аlmaty» ЖШС. Компания 2024 жылдан бастап 133 млн теңге салық төлеген. Бенефициары – Сергей Мельников. Компания Алматыда тіркелген. Концерттік, театрлық, ойын-сауық саласында жұмыс істейді. Ол 30 Seconds to Mars пен Хосе Каррерастың концерттерін ұйымдастырды. Алдағы жоспарында Limp Bizkit пен Parklive Festival, оған Робби Уильямс пен Мэрилин Мэнсон қатысады. Аталмыш компания халықаралық деңгейде жұмыс істейтін Park live World агенттігінің бір бөлігі. Мельников бұған дейін тұрмыстық техникаларды жөндеу және құрылыс салаларында жұмыс істеген.
Livend Company ЖШС нарықтың тағы бір маңызды ойыншысы. Компания 2023 жылдан бері 50 млн теңге салық төлеген. Бенефициарлары – Тамара Бұрымбаева және Инга Кобылева. Директоры ретінде 33 жастағы Тимур Файзулин тіркелген. Инстаграмда компанияның CEO-сы ретінде басқа адам, нақтырақ Әсел Сүлейменова көрсетілген. Ол әлеуметтік желіде әлемдік жұлдыздармен түскен суреттерімен жиі бөліседі. Мысалы Вера Брежнева мен Майк Тайсонмен түскен суреттерін жариялаған. Livend Company Алматы қаласы Мәдениет басқармасынан «Қазақстан халқының бірлігі күніне» арналған мерекені ұйымдастыру үшін 70 млн теңгелік келісімшарт алған.
Тағы бір ойыншы VI Project KZ. Компания 2022 жылдан бері 46 млн теңге салық төлеген. Бенефициары Елена Ли (41 жаста). VI Project KZ Вера Брежнева, Скриптонит, Миша Марвин және басқа әртістерді елге алып келген. 2023 жылы «Камызяки» КВН командасының гастролін жоспарлаған еді, бірақ қоғамдық наразылықтан кейін концерт өтпеді. Айта кету керек, 13 мыңнан астам адам петицияға қол қойған. Компанияға қатысы бар тағы бір адам бар. Ольга Ли Instagram парақшасында өзін жобаның негізін қалаушы ретінде көрсеткен. Оның сондай-ақ Алматыдағы «Cheers Bar» атты мейрамханасы бар.
Нарықта жеке кәсіпкер ретінде тіркелген компания да бар. ИП «Dpartners». 2019 жылдан бері небәрі 4,7 млн теңге салық төлеген. Бенефициар – Дана Орманбаева. Ол журналист, қоғам белсендісі, жазушы, продюсер. Қазір ол халықаралық іздеуде. Соңғы жылдары Дубайда тұрса да, Қазақстанда белсенді жұмыс істеген. Мысалы, 2023 жылы Земфираның концертін ұйымдастыруға қатысқан. Бірақ концерт жанжалмен аяқталды. Земфира еліміздің атын кіші әріппен жазып, қазақтардың ашуына тиген еді. Орманбаева аталмыш жағдай үшін әншінің командасын айыптады. Ол тіпті грим бөлмесінің тас-талқан болған суретін жариялады. 2024 жылы Орманбаева Баян Алагөзовамен соттасып, жеңілген еді Бірақ 2025 жылы апелляцияда ақталып шықты. Сонымен қатар, Павлодар мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримовамен де соттасқан. 2025 жылдың қаңтарында Алматы полициясы оның үстінен ұлтаралық араздық қоздырды деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Брендинг пе, бизнес пе?
Ресми дереккөздерде, Астанада өткен концерт туристердің санын көбейтіп, экономикалық әсер береді делінген. Болжам бойынша елге 15 мың турист, 400 миллион теңге салық, 6,5 миллиард теңге айналым түсуі керек. Алайда бұл есептерге қандай негіздеме бары белгісіз. Себебі ашық дереккөздерде маркетингтік есептер, туристік ағын болжамы немесе қаржы сметасы туралы ақпарат жоқ.
Қазақстанда концерттерге деген сұраныс қазір жоғары. Соңғы жылдары бірқатар ірі концерттер ұйымдастырылды. Алдағы жоспарлар да көп. Мысалы, «Астана концерт» алдағы үш жылда А санатындағы 10-нан астам концерт ұйымдастыруды жоспарлап отыр. 2025 жылдың соңына дейін компания ел бюджетіне 1 миллиард теңгеден астам салық төлеуі мүмкін. Осылайша, компания өзін Қазақстанның креативті экономикасындағы негізгі ойыншылардың бірі ретінде танытқысы келеді.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте продюсер Малик Хасенов The Caspian Post басылымына хабарлады.
«Біз Дженнифер Лопестің Астана мен Алматыдағы концерттеріне шамамен 18 мың турист келетінін білеміз. Backstreet Boys концертіне де осындай немесе одан да жоғары көрсеткіш күтіліп отыр», – деді ол.
Backstreet Boys концерті толықтай жеке инвестициялар есебінен өтеді, яғни мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетеді, жергілікті әкімдіктермен бірге мәдени бастамаларды үйлестіреді.
Одан бөлек, енді Шакираның концерті өтуі мүмкін деген сыбыс шықты. Малик Хасенов Шакирамен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Күзге дейін белгілі болады.