🌐 Әлем

10 миллион долларға «унитаз» сатылмақшы

Әлемдік өнер нарығында тағы да ерекше жаңалық. Танымал аукцион үйі Sotheby’s заманауи өнердің ең талқыланатын туындыларының бірін сатылымға дайындап жатыр. Бұл жолы сөз Маурицио Каттеланның таза алтыннан жасалған унитазы туралы, деп жазады Ozgeris.info. 

Каттелан заманауи өнерде өзіне ғана тән ирониясымен және күтпеген шешімдерімен танылған. Ол күрделі идеяларды қарапайым тұрмыстық заттар арқылы жеткізеді. Бұған дейін ол скотчпен қабырғаға жапсырылған бананымен әлемді таңғалдырған еді. Енді оның жаңа туындысы көпшілікті тағы да ойландырып отыр.

Бұл өнер нысаны «Америка» деп аталады. Ол шынайы қолдануға болатын унитаз. Он сегіз карат алтыннан жасалған. Салмағы шамамен жүз килограмм. Аукцион қараша айында өтеді. Бастапқы баға он миллион доллар деп көрсетілген. Бірақ нақты құн сол күнгі алтын бағасына қарай өзгеруі мүмкін.

Аукцион үйінің өкілдері бұл туындыға үлкен сенім артып отыр. Қазіргі уақытта өнер нарығы бәсеңдеп тұрғанымен, ұйымдастырушылар дәл осы даулы әрі жарқын жоба қызығушылықты қайта оятады деп күтеді.

Sotheby’s вице президенті Дэвид Гальперин туындының мағынасына тоқталды.

«Каттелан бүгінгі заманның ең мықты суретшілерінің бірі. Оның жұмыстары бірінші қарағанда әзіл немесе ашық арандату сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде ол адамды терең ойлануға итермелейді. “Америка” туындысы да дәл сондай. Бұл қарапайым заттың айналасында құрылған сатира ғана емес. Бұл қоғамға, тұтыну мәдениетіне және сән мен байлықтың шегі қайда деген сұраққа берілген ойлы жауап» деді ол.

Каттеланның бұл жұмысы 2016 жылы жасалған. Әлемде мұндай екі ғана нұсқа бар. Біреуі жеке коллекцияда. Екіншісы қазір аукционға қойылады. Бұған дейін автордың бананмен жасалған жұмысы да күтпеген жетістікке жеткен еді. Ол алты миллион доллардан астам қаржыға сатылған.

Гальперин Каттеланның шығармашылығын өнер тарихының белгілі кезеңдерімен де байланыстырады.

«Көп адаммың айтуынша, бұл жай ғана шулы акция немесе есер әрекет емес. Каттелан Марсель Дюшан бастаған бағытты жалғастырып отыр. Дюшан кезінде қарапайым писсуарды өнер туындысына айналдырса, Каттелан оны қайтадан күнделікті қолдануға жарамды қылып жасады, тек оны алтыннан құйды. Бұл өнердің табиғаты туралы, оның қайдан басталып, қайда бағытталып бара жатқаны туралы ашық ой» деді ол.

Заманауи өнерді зерттеушілер мұндай туындылар адамдардың қабылдауын өзгертеді деп санайды. Өнер тек галереядағы картина емес. Шынайы өнер кейде қарапайым затты ерекше контекстке шығарып, қоғамға жаңа көзқарас сыйлайды.

Каттеланның өзі бұл жұмысты «американдық арманға арналған айна» деп атаған болатын. Сарапшылар оны байлық, сән және қоғамдағы құндылықтар ұғымына жасалған ирония деп сипаттайды.

Әлемдік өнер нарығы қазір қаржы тұрғысынан тыныш кезеңде. Дегенмен Sotheby’s бұл лот көпшіліктің назарын қайтадан осы салаға аударады деп сенеді.

Барлық жаңалық