Кейінгі айларда ұн тартатын кәсіпорындардың жағдайы қоғам назарында. Бұрын Орталық Азия елдері Қазақстаннан дайын ұн сатып алатын, ал қазір тек бидайды импорттап, өздері өңдеуге көшті. Өзгеріс отандық ұн өңдеушілердің өткізу нарығын тарылтып, салаға елеулі әсер етті, деп жазады Ozgeris.info.
Осыған байланысты «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» кәсіпорындарды нарықтық бағамен қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге кірісті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықтағы астық қорын тұрақты деп бағалап отыр. Қолда бар көлем ұн тарту, мал мен құс шаруашылығы секілді негізгі салалардың сұранысын толық жабуға жеткілікті. Ал «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» түрлі кластағы бидайды сатуды жалғастырып, мүдделі сатып алушыларға нарықтық бағамен ұсынуға дайын.
«2025 жылғы 19 маусымдағы жағдай бойынша ішкі нарықта 3-класс бидайының орташа бағасы ҚҚС-пен тоннасына 100 000 теңге, ал 4-класс бидайының бағасы 95 000 теңге болды. Биыл көктемде бидайға сұраныс артты. Бұл оның бағасының біршама өсуіне алып келді. 2024 жылғы қарашамен салыстырғанда, астық бағасы 25%-дан аспайтын деңгейде өсті. Алайда бұл өсім сатып алу белсенділігіне айтарлықтай әсер етпеді», делінген корпорация хабарламасында.
Жыл басынан бері ұлттық оператор 483,6 мың тонна астық өткізген. Негізгі сатып алушылар – ұн тарту кәсіпорындары, қайта өңдеу зауыттары, мал және құс шаруашылығы субъектілері.
Ішкі нарықтағы бидай бағасы 2023 жылдан бастап төмендей бастаған. Ол кезде астықты сату бағасы өндірістік өзіндік құнды жаппағандықтан, бұл жағдай аграршыларға қиындық туғызды. 2024 жылдың күзінде де мол өнім мен ұсыныстың артуы бағаның тағы да төмендеуіне себеп болды. Ал 2025 жылдың көктемінде сұраныстың артуына байланысты бидай бағасы біртіндеп өсе бастады.
Қазір «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» қорында 1,1 млн тонна астық бар. Оның 500 мың тоннасы азық-түлікке арналған тұрақты қор ретінде, 200 мың тоннасы мал азығы ретінде сақтаулы.
2025 жылдың маусым айының басындағы мәліметке сәйкес, елімізде 7,37 млн тонна бидай қоры бар. Оның 2,7 млн тоннасы өсімдік шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар иелігінде, 2,6 млн тоннасы элеваторларда, 818 мың тоннасы ұн тарту және жарма кәсіпорындарында, 167 мың тоннасы көтерме саудагерлер мен басқа иелердің қарамағында. Жылдық ішкі қажеттілік шамамен 6 млн тонна деп бағаланады.
«Бұл көрсеткіштер астық нарығының тұрақты екенін, ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты да жалғастыруға мүмкіндік барын көрсетеді. 2024 жылы елімізде рекордтық көлемде астық жиналды өңдеуден кейінгі салмақта 25,2 млн тонна, оның ішінде 18,6 млн тоннасы бидай. Маркетингтік жыл бойы ұн тарту және мал шаруашылығы салалары үшін қолайлы баға сақталып отыр. Қазіргі уақытта «Азық-түлік корпорациясының» қоймаларында 1,2 млн тонна астық бар, оның 1,0 млн тоннасы азық-түлікке арналған. Қажет жағдайда ұн тарту кәсіпорындары «Азық-түлік корпорациясына» жүгіне алады», делінген министрлік мәлімдемесінде.