Түркістан облысының этика жөніндегі кеңесі әкімдікке қарасты басқармалардың бірінің басшысын төбелеске қатысып, мемлекеттік қызмет беделін төмендеткені үшін қызметінен босатуды ұсынды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Бұған дейін желіде бірнеше ер адамның қатысуымен болған төбелестің видеосы жарияланған еді.
Кейін анықталғандай, төбелеске қатысушыларының бірі Түркістан облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалықұл болып шықты.
Этика жөніндегі кеңес мемлекеттік органның беделін төмендеткені үшін басшыны қызметінен босатуды ұсынды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ресми құжатты күтіп отырғандарын, оны алған соң аталған қызметкерді қызметінен босататынын мәлімдеді.
"Әрине, бұл жағдай бізге жараспайды. Мемлекеттік қызметшілердің беделіне нұқсан келтірді. Бүгін ресми құжат беріледі деп ойлаймын. Содан кейін біз, тиісінше, этика кеңесінің шешімін орындап, қызметтен босатамыз", - деді ол.