Жаңалықтар

Түркістан облысында бір үйдің екі баласы ажал құшты

Түркістан облысында бір үйдің екі баласы ажал құшты

Түркістан облысы, Сауран ауданы, Үшқайық ауылдық округі аумағындағы Сырдария өзенінде суға кеткен азаматтарды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алдын ала мәлімет бойынша, 22 тамызда 1998 және 2002 жылы туған екі ағайынды азамат суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған. Осы кезде 2002 жылы туған азамат суға батып, ағасын құтқаруға әрекет жасаған 1998 жылы туған азамат та суға кеткен.

Оқиға туралы хабар түскеннен кейін Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Іздеуге Шымкент қаласы ТЖ департаментінің қызметкерлері, полиция, жедел жәрдем мамандары, жергілікті тұрғындар мен марқұмдардың туыстары жұмылдырылды. Жалпы 90-ға жуық адам, арнайы техника, жүзу құралдары және дрон тартылды.

24 тамызда шомылған жерден шамамен 6 шақырым қашықтықта 2002 жылы туған азаматтың денесі табылып, судан шығарылды. Ал 25 тамызда іздестіру жұмыстары барысында оқиға орнынан шамамен 30 шақырым жерден 1998 жылы туған екінші азаматтың денесі су бетінен табылды.

Марқұмдардың жақындарының айтуынша, 1998 жылы туған азаматтың артында 2,5 жастағы баласы мен жүкті әйелі қалды. Ол Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасында жұмыс істеген.

Ал 2002 жылы туған азаматтың 1,5 жасар баласы бар. Ол жақында ғана Назарбаев Зияткерлік мектебіне жұмысқа орналасқан екен.

Алдын ала мәлімет бойынша, інісі суға кеткен ағасын құтқаруға ұмтылып, өзі де суға кеткен. Өкінішке қарай, іздестіру жұмыстары екі күнге созылып, екі азаматтың да денесі табылды.

Осылайша, екі отбасы бір сәтте жақынынан айырылды. Бірінің артында жүкті жары мен кішкентай баласы қалса, екіншісінің сәбиі әкесіз қалды.

Барлық жаңалық