Қоғам

Түркістан облысында 13 мыңнан астам абонент заманауи оптикалық желіге қосылады

Түркістан облысында 13 мыңнан астам абонент заманауи оптикалық желіге қосылады

«Қазақтелеком» АҚ желіні жаңғыртуға бағытталған ауқымды SWAP жобасы аясында екі жыл ішінде Түркістан облысындағы 13 105 абонентті ескірген мыс желілерінен заманауи оптикалық инфрақұрылымға көшіреді. Желіге қосу жұмыстары басталып, өңірдегі алғашқы 827 клиент жаңа технологияға ауыстырылды.

Жаңа инфрақұрылымға көшу шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындарын тұрақты интернетпен, байланыс қызметтерінің жоғары сапасымен және заманауи цифрлық сервистерге тікелей қолжетімділікпен қамтамасыз етеді.

Құрылыс-монтаж жұмыстарының барлығын компанияның өз бригадалары атқарады. Мамандар аумақты бастапқы зерттеуден бастап, кабель тарту, оптикалық талшықтарды дәнекерлеу, жабдықтарды орнату және желіні іске қоспас бұрын оның параметрлерін міндетті түрде тестілеуге дейінгі жұмыстардың толық циклін жүзеге асырады.

Жобаның сәтті іске асырылуының мысалы ретінде Төлеби ауданындағы Леңгір қаласын атап өтуге болады. Мұнда алғашқы 416 оптикалық порт салынды, ал 52 абонент жоғары жылдамдықты интернеттің артықшылықтарын пайдалана бастады. Жалпы, елді мекенде 234 отбасы оптикалық желіге көшіріледі.

Айта кетейік, SWAP жобасы Қазақстанның телекоммуникациялық инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мақсатында еліміздің өңірлерін кезең-кезеңімен қамтып келеді.

Барлық жаңалық