Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының су ресурстары жөніндегі арнайы елшісі Ретно Марсудиді қабылдады. Кездесу барысында жаһандық және аймақтық деңгейдегі ең өзекті су мәселелері талқыға түсті. Президент Қазақстан үшін су ресурстары жай ғана табиғи байлық емес, бұл еліміздің орнықты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы бар дүние екенін қадап айтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты akorda ға сілтеп.
Бүгінгі таңда әлемде су саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа әрі тиімді жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы өзінің игі бастамасына тоқталды. Бұл қадам жаһандық су ресурстарын ұтымды пайдалануға жаңа серпін беріп, халықаралық деңгейдегі үйлесімділікті арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар, су тапшылығы сияқты күрделі сын-қатерлерге қарсы тұрақты шешімдер табуға жол ашады.
Алдағы уақытта Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит аясында аталған жаңа құрылымның болашағы мен нақты параметрлерін талқылайтын алғашқы халықаралық кеңестер басталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, тараптар 2026 жылы Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясының маңыздылығын атап өтті. Бұл жиын әлемдік су мәселелерін шешудің ортақ тәсілдерін әзірлейтін басты алаңға айналуы тиіс. Кездесу соңында Орталық Азия аймағындағы су көздерін ұтымды игеру мен тиімді пайдалану мәселелері де ерекше назарға алынды.