Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін тек бір атом электр станциясының жеткіліксіз екенін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан «Росатоммен» бірлесіп АЭС салуды қолға алса, болашақта екінші және үшінші станцияны жоспарлау қажеттігін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Мемлекет басшысы жуырдағы Қытай сапары кезінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық жайында пікір алмасқанын да тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Тоқаев көмір энергетикасын дамыту мәселесіне ерекше тоқталды:
«Қазақстанның мол әрі сапалы көмір қоры бар. Осы байлықты тиімді пайдалана отырып, озық технологияларды енгізіп, экологиялық қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген жаңа буын көмір электр станцияларын салуымыз қажет», – деді ол.
Президенттің айтуынша, табиғи ресурстарымызды ел игілігіне жұмсау – стратегиялық дамудың басты шарты. Ол бұл бағыттағы жобалар ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, экономикаға жаңа серпін беретінін де қосты.