Алматы қаласының Түрксіб ауданында жантүршігерлік қылмыс болды. Оныншы маусым күні 12 жастағы бала пышақ жарақатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға туралы хабар алдымен әлеуметтік желілерде тарап кетті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Желі қолданушылары марқұмға екі бірдей 13 жастағы жасөспірім жабылғанын жазған. Олар жәбірленушінің денесіне тоғыз рет пышақ сұққан көрінеді. Көп ұзамай шаһар полициясы қанды оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Құқық қорғаушылар кісі өлтірді деген күдікпен 13 жастағы қала тұрғынын құрықтады.
Тергеу барысында екі баланың бұрыннан таныс екені белгілі болды. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек бұл қайғылы жағдай кәмелетке толмағандар арасындағы келіспеушіліктен туындаған. Қазір ұсталған жасөспірім арнайы мекемеге қамалды.
Бүгінде кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Тәртіп сақшылары оқиғаның толық әрі нақты мән-жайын объективті түрде анықтау үшін кешенді тергеу жұмыстарын жүргізуде. Тергеу аяқталған соң күдіктінің ата-анасы да жауапқа тартылуы мүмкін. Заң өкілдері олардың бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамау мәселесін қарайтын болады.