Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде бес адам газға уланып, 15 жастағы қыз бен 4 жастағы бала көз жұмды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқиға Күншығыс шағынауданындағы жалдамалы пәтерде болған. Екі әйел балаларымен бірге тұрған баспанада газ колонкасынан улы газ тараған болуы мүмкін. Әйелдердің бірі есін жиып, көмек шақырғанымен, екі баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
«Газ колонкасынан угар газы шыққан. Содан қызымыз қайтыс болып отыр ғой. Сіңілімнің баласы оның құшағында, көрпенің астында ұйықтап жатқан бетінде көз жұмды», – деді марқұмның туысы Дильбар Сайдхожаева.
Тағы бір әйел мен оның үш жастағы қызы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы әлі де ауыр, ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайға газ құрылғысының дұрыс орнатылмауы және түтін шығатын құбырдың ақауы себеп болуы мүмкін. Мамандардың мәліметінше, үйдегі су жылытқыштар рұқсатсыз орнатылған. Қазір ғимарат газдан толық ажыратылып, пәтерлер тексеріліп жатыр.
Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.