Қазақстандық әнші, актриса әрі продюсер Нора Нұғман (Нұргүл Нұғманова) Тимур Балымбетовке берген сұхбатында қатерлі дертке шалдыққанын ашық айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.
Өнер иесінің сөзінше, екі жыл бұрын омырауынан түйін байқап, тексерістен өткен. Сол кезде дәрігерлер оның қатерлі ісік екенін анықтаған.
«43 жыл бойы бір рет те толық тексерілмеппін. Омырауымда түйін пайда болды, содан кейін ғана дәрігерге бардым. Тексеріс нәтижесі қатерлі ісік екенін көрсетті. Барлық анализдерді тапсырдым, диагноз расталды. Бірақ мен өзім оны фиброаденома деп ойлаймын, өйткені дәрігерлерге деген сенімім азайды. Алғашында қатты қорқып, айтқан емнің бәрін қабылдадым. Жағдайым жақсарды. Химия алып жүрген кезде мені жұмыс қана жігерлендірді», – дейді ол.
Әнші алғаш ауырғанында химиялық ем алып, ауруды уақытша тоқтатқан. Алайда қазір түйін қайта шығып, жағдайы ауырлай бастаған.
«Қазір рецидив. Түйін бұрынғыдай кішкентай емес, лимфа безіне де тараған. Бірақ мен оған қарсы ешқандай ем қабылдап жатқан жоқпын. Ойымды басқа жаққа бұру үшін концерт қоюды ұйғардым. Қазір бар уайымым — концерт», – деді Нора Нұғман.
Ол биыл ем қабылдаудан бас тартқанын да жасырмады. Айтуынша, қалған уақытын ауруханада өткізіп, дертпен арпалысып өткізгісі келмейді.
«Көп адам “Қалай бұлай жеңіл жүресің?” деп сұрайды. Бұл – менің таңдауым. Әркімнің өзіне берілген уақыты бар деп ойлаймын. Ауруханада жатқым келмейді, қайтадан химия қабылдағым келмейді. Бұның бәрін бастан өткердім. Құрбыларыма концерттен кейін денсаулығымды қараймын деп уәде бергенмін. Бірақ рецидив туралы естіген соң, өзім үшін шешім қабылдадым — емделгім келмейді», – дейді өнер иесі.
Нора Нұғман тағдырды Алланың қалауына тапсырғанын айтты.
«Мен бүгінмен, осы сәтпен өмір сүріп үйрендім. Бұл маған жеткілікті. Шешімді ойланбай қабылдаған жоқпын. Тағдырымды Аллаға тапсырдым. Қашан алатынын өзі біледі — бұл оның еркі. Әрине, бәріміз ұзақ өмір сүргіміз келеді. Бірақ мен дәл қазір өмір сүруді таңдадым. Менің емім — музыка. Менің қуатым — жұмысым. Мүмкін, бұл дұрыс шешім емес шығар, бірақ жүрегім осылай дейді», – деді ол.