Жаңалықтар

Сотта марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы көз жасына ерік берді

Сотта марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы көз жасына ерік берді

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында оның анасы Сәлима Омарова куәлік етті, деп жазады Ozgeris.info тілшісі. 

«Тұрмыстамын, Ұлдананы қосқанда үш қызым бар. Өзіміз Түркістан облысы Жетісай ауданынан боламыз, қазір Астанада тұрамын», — деді Сәлима Омарова.

Марқұмның анасының айтуынша, ол 8 қараша күні қызымен соңғы рет видеобайланыс арқылы сөйлескен.

«Сол күні Шымкентке баруым керек еді. Қызыма видеоны өшіріп сөйлесейік дегенімде, ол кезекті шақыртуға бара жатқанын айтты. Әдетте Ұлдана әр шақыру сайын маған хабарласып, қайда жүргенін ескертіп отыратын. Бірақ бұл жолы нақты қайда бара жатқанын айтпады. Жолда келе жатып «көбірек сөйлесейікші» деді. Мен азық-түлік алу үшін дүкенге асығып бара жатқан едім. Дүкенде 30 минуттай болатынымды айттым. Қызым да шақырту орнына жеткенін, жұмысы аяқталған соң қайта хабарласатынын айтып, телефонды қойды», — деді Сәлима Ешанқұлқызы.

Дүкенде жүрген кезде оған келіні Әділеттің анасы (құдағиы) хабарласқан.

«Құдағидың дауысы өзгеше шықты, қатты уайымдап тұрғаны байқалды. Ол Ұлдананың үстіне дүкеннің қабырғасы құлап кеткенін айтты. Жаңа ғана сөйлескен қызымның жағдайын естіп, есеңгіреп қалдым. Артынан үлкен қызым хабарласып, ауруханаға тезірек жетуімді сұрады. Дүкенде есімнен танып қала жаздадым, жанымдағы адамдар су беріп, ес жиғызды. Дереу үйге келіп, таксимен әуежайға ұмтылдық. Ұшаққа билет алып, кешкі сағат 8-дерде ауруханаға жеттік», — деп еске алды марқұмның анасы.

Ауруханаға келгенде оны жақындары мен Әділет және оның анасы күтіп алған.

«Сұрағыма ешкім нақты жауап бере алмады. Ота жаңа аяқталғандықтан, мені ішке кіргізген жоқ. Жансақтау бөлімінің жанында күтіп отырдық. Қызымның жағдайын ашып айтқан бірде-бір дәрігер болмады. Оның жанында тағы бірнеше адам жатыр екен. Қызымның мұндай күйге түсетіні үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Мен оның қасына барып: «Қызым, қайта хабарласамын деп едің ғой» дегім келді, бірақ ол мені естімейтінін білдім. Сыртқа шыққанда өзегім өртенді», — деді Сәлима Омарова.

Барлық жаңалық