Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда биыл бизнесті қолдауға 8 миллиард теңге қарастырылған

Шығыс Қазақстанда биыл бизнесті қолдауға 8 миллиард теңге қарастырылған

2026 жылы Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікті қолдауға 8 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Өңірдегі бизнестің жай-күйі мен даму перспективаларын Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сагнаев арнайы жұмыс сапары барысында бағамдап қайтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Ведомство өкілі сапар аясында бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен танысты. Олардың қатарында "DEMEY" оңалту және түзету орталығы мен "Молочный Экспресс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорны бар. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға, өңдеуге және сатуға арналған инфрақұрылымның негізгі бөлшегі саналатын "Алтай" көтерме-тарату орталығының құрылыс барысы тексерілді.

Сапардың басты іс-шарасы жергілікті бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесу болды. Бұл жиынға "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың және мемлекеттік органдардың мамандары қатысты. Басқосуда агроөнеркәсіп кешенін, сауда-саттықты, туризмді, логистика мен өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Вице-министр мемлекет тарапынан жасалатын қолдау шаралары мен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін кеңінен түсіндірді.

Аймақта нақты бағдарламалар арқылы қыруар жұмыс атқарылып жатыр. "Іскер аймақ" субсидиялау бағдарламасы бойынша 297,4 миллион теңгені құрайтын үш жоба қолдау тапты. Қазіргі уақытта жалпы құны 1,48 миллиард теңге болатын тағы он үш жоба мақұлдау кезеңінде тұр.

Жыл басынан бері Кепілдік қоры аясында отыз сегіз жобаға көмек көрсетілді. Бұл бағытта несиенің жалпы сомасы 16,4 миллиард теңгеге жетіп, берілген кепілдік көлемі 6,4 миллиард теңгені құрады.

Көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге арналған агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдау бағдарламасы да сәтті жүзеге асуда. Аталған салада қырық алты жоба қаржыландырылды. Ондағы несие сомасы 14,3 миллиард теңге көлемінде бекітіліп, 12,1 миллиард теңгеге кепілдік берілген.

Кездесу барысында кәсіпкерлер инвестициялық жобаларды іске асыруға және бизнес жүргізуге қатысты өз ұсыныстары мен проблемалық мәселелерін жеткізді. Көтерілген барлық түйткілді сұрақтар одан әрі пысықтау үшін бақылауға алынды.

Барлық жаңалық