Ақмола облысының әкімдігі Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетіліп, несиелері жабылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
26 ақпанға қараған түні Щучинскідегі «Центр плова» дәмханасында газ жарылып, салдарынан 7 адам көз жұмған болатын. Қазіргі таңда қаза тапқан 6 адамның отбасына 4 миллион теңгеден өтемақы төленді. Бұл қаражаттың 2 миллионын жергілікті әкімдік бөлсе, қалған бөлігін дәмхана қожайыны берген. Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, жетінші марқұмның жақындарына тиесілі қаражат құжаттар рәсімделгеннен кейін келесі аптада аударылмақ. Сондай-ақ заңға сәйкес басқа да әлеуметтік төлемдер тағайындалған.
Жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасап, қиын жағдайға тап болған 5 отбасының банк алдындағы қарызын өтеп беретін болды. Олардың екеуі жақындарынан айырылса, үшеуінің туыстары ауруханада өмір үшін күресіп жатыр. Бұдан бөлек бизнес өкілдері тағы 4 отбасыға қосымша материалдық көмек көрсететінін жеткізді.
Жалпы жарылыс салдарынан 28 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Оқиға орнында 5 адам жан тәсілім етіп, тағы екеуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Бүгінде 13 науқас дәрігерлердің бақылауында жатыр, оның ішінде онының жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Кеше 5 пациент санавиациямен Астанадағы Ұлттық сыни медицина орталығының күйік бөліміне жеткізілді.
Оқиға орнында көшпелі жиын өткізген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов төтенше жағдайдың себептерін тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігіне сәйкес іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тұлғалар бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.