2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда бірқатар маңызды әлеуметтік, экономикалық және құқықтық өзгерістер күшіне енеді. Жаңашылдықтар газ тарифі, кәсіби мерекелер, баланы қорғау жүйесі, сот реформасы, тұрмыстық химияны таңбалау сынды салаларды қамтиды, деп жазады Ozgeris.info.
Газ бағасына жаңа шекті тарифтер енгізіледі
1 шілдеден бастап елімізде тауарлық газға арналған жаңа шекті бағалар күшіне енеді. Бұл ретте тұтынушылар санаты бойынша сараланған тарифтер енгізіледі. Мәселен, Алматы, Алматы облысы және Жетісу облысындағы ірі коммерциялық тұтынушылар үшін ең жоғары шекті баға – 76 686 теңге (ҚҚС-сыз) көлемінде белгіленіп отыр.
Ал жеке тұтынушылар үшін баға едәуір төмен болады. Бұл топтағы ең жоғары тариф – 39 979 теңге/1000 м³. Сондай-ақ, сұйытылған мұнай газының көтерме бағасы да шілдеден бастап бекітілді: 1 тонна үшін 51 932 теңге. Бұл баға 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады.
Кәсіби мерекелер қатары толығады
Қазақстанда Жаңа кәсіби мейрам – Теңіз және өзен көлігі қызметкерлерінің күні енгізіледі. Бұл мейрам шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл ол 6 шілдеге түсіп отыр. Елдегі логистика, кеме қатынасы және су көлігі саласында еңбек етіп жүрген мамандар үшін бұл кәсіби мәртебенің белгісі болмақ.
Кәсіби қабылдаушы отбасылар институты іске қосылады
Білім беру және әлеуметтік қорғау саласында да жаңашылдық бар. 1 шілдеден бастап Қазақстанда кәсіби қабылдаушы отбасылар жүйесі ресми түрде енгізіледі. Бұл жоба арнайы әлеуметтік көмекті қажет ететін балаларды уақытша орналастыруға бағытталған.
Қабылдаушы ата-ана болу үшін азаматтар 30 бен 63 жас аралығында болуы тиіс. Олар 70 АЕК (275 240 теңге) көлемінде айлық жалақы алады. Әр бала үшін мемлекет тарапынан 10 АЕК (39 320 теңге) қаржы бөлінеді. Бір отбасы төрт балаға дейін қабылдай алады. Бұл – жетім және қиын жағдайдағы балаларды отбасылық ортада тәрбиелеу арқылы оларға мейірімді қоғам қалыптастырудың бір жолы.
EXPO нысаны – жаңа цифрлық форматта
Астанадағы Nur Alem сферасы немесе EXPO шарының мақсаты өзгермек. Нысан енді QazExpoCongress компаниясынан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне беріледі. Қазіргі уақытта мұнда реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық экспонаттар басқа музейлерге жіберілген.
Нысан қазан айында өтетін Digital Bridge форумында ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс – технологиялық серпінді қолдау және жаңа форматтағы іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Үш кассациялық сот және пен департамент құрылмақ
Құқықтық жүйеде де ауқымды өзгеріс күтілуде. 1 шілдеден бастап Астанада үш кассациялық сот жұмысын бастайды:
– Азаматтық істер бойынша
– Қылмыстық істер бойынша
– Әкімшілік істер бойынша
Жаңа соттардың жұмысын қамтамасыз ету үшін Кассациялық соттар департаменті құрылады. Сот жүйесіне жалпы 90 судья қызметке тартылады. Қаржыландыру республикалық бет есебінен жүргізіледі және шығындар сот жүйесіне арналған бағдарлама көлемінің 6,5%-ынан аспайды.
Тұрмыстық химия өнімдері таңбаланады
1 шілдеден бастап Қазақстанда тұрмыстық химия өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба басталады. Жоба аясында сабын, жуғыш заттар, сулықтар және басқа да тұрмыстық тауарларға арнайы цифрлық кодтар енгізіледі. Бұл – тауар қозғалысын бақылау, көлеңкелі айналымды азайту және тұтынушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында қолға алынып отыр.
Үш күн қатарынан демалады
Қазақстандықтарды шілде айында жағымды жаңалық күтіп тұр. 6 шілде – Астана күні жексенбіге түсетін болғандықтан, демалыс күні дүйсенбі 7 шілдеге ауыстырылады. Осылайша, азаматтар 5, 6 және 7 шілде күндері қатарынан демалатын болады.