Қоғам

«Сауабы болмайды»: Нұрлан имам Рамазан айындағы басты қателіктерді атады

«Сауабы болмайды»: Нұрлан имам Рамазан айындағы басты қателіктерді атады

Белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы қасиетті Рамазан айындағы құлшылыққа қатысты халық арасында жиі талқыланатын мәселелерді түсіндірді, деп хабарлайды Ozgeri.info сайты.

Барша мұсылман қауымы үшін ораза басталған тұста Нұрлан имам 31 арнаның эфирінде көрермен сауалдарына жауап берді. Ол ең алдымен желіде ауызашар дастарханын жариялау мәселесіне тоқталып, мұның бәрі адамның ниетіне байланысты екенін жеткізді. Имамның сөзінше, мешітке барғаныңды немесе ауыз бекіткеніңді мақтаныш үшін көпшілікке көрсетудің қажеті жоқ.

«Егер адам әлеуметтік желіге ауызашарда отырғанын шынайы ниетпен жарияласа, мақтану, біреуден артық көріну ниеті болмаса, оның сауабы кемімейді. Оразасы бұзылмайды. Жақсылықта жарысу, үлгі болу ниеті болса, жариялаудың айыбы жоқ. Негізгі мәселе – ниет», – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Кейбір исламтанушылар мұндай әрекетті рияға балағанымен, дінтанушы бұл тұста басты өлшем таза ниет екенін ескертті. Сонымен қатар ол оразаны тек денсаулықты жақсарту немесе арықтау мақсатында ұстауға қатысты пікір білдірді. Имам оразаның денсаулыққа пайдалы екенін еске салып, құлшылық ниеті болмай тек диета мақсатында бекітілген ауызға сауап жазылмайтынын мәлімдеді.

«Адамның ниеті – Алла разылығы үшін болса, онда дұрыс. Ал тек қана материалдық немесе сыртқы мақсат көзделсе, ғибадат сауабы болмайды», – деді ол.

Рамазан айында әр адам өзінің ішкі дүниесіне үңіліп, рухани өзгерісті сезінуі тиіс. Дінтанушы өткен жылғы оразадан бері қандай жақсылық жасалғанын және оның шынайылығын саралау керектігін айтты.

«Яғни, өткен жылғы оразадан биыл не қостыңыз, отанымызға, елімізге, жерімізге қандай жақсылық жасадыңыз, тек қана шынайы жүрегіңізден туындады ма, әлде біреуге еліктедіңіз бе? Мүмкін 10 адамға жақсылық жасап, қайырымдылық, садақа беріп жатқандарға айтарым бар. 10 адамға садақа бергенше, 1 адамға қиянат жасамаңыздар», – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Барлық жаңалық