Маңғыстау облысындағы "Құрық" кеден бекетінде өте сирек кездесетін жағдай тіркелді. Шекарадан жаяу өтпек болған 61 жастағы жолаушы әйелдің қылығы бірден күдік тудырды. Ол 34 түрлі зергерлік бұйымды өзінің жыныстық мүшесіне жасырып шекарадан өткізбек болған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оқиға "Зарифа Алиева" теңіз кемесін рәсімдеу кезінде белгілі болды. 1964 жылы туған Қазақстан азаматшасы төлқұжат бақылауынан өткен соң оғаш әрекеттер жасай бастайды. Зейнеткер қадамын қатты баяулатып қолын ішінен бір елі алмай қойған. Осы қимылдардан кейін кеденшілер жеке тексеру жұмыстарына кіріседі. Бұл іске шекара қызметі, экономикалық тергеу департаменті және көлік прокуратурасының мамандары жұмылдырылды.
Тексеріс нәтижесінде жолаушының денесінен тұтас бір топтама табылды. Тәркіленген әшекейлердің ішінде сырға мен сақинадан тұратын 15 жиынтық бар. Бұған қоса жеті бөлек сақина, үш жұп сырға, бір алқа және сегіз түрлі білезік жасырылған екен.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша заңнамаға сай тиісті іс-шаралар жүріп жатыр. Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мұндай әрекеттің өте қауіпті екенін қатаң ескертеді. Тауарларды адам денесіне тығып алып өту кеден ережесін өрескел бұзу болып саналады. Бұл әкімшілік қана емес ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады. Құзырлы органдар мемлекеттік шекарадағы кез келген заңсыздықтың жолын кесу үшін күшейтілген режимде жұмысты жалғастыруда.