Қоғам

Қордайдағы әскери бөлімде болған оқиға тергеліп жатыр

Қордайдағы әскери бөлімде болған оқиға тергеліп жатыр

Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Отар ауылдық округіндегі Гвардейский кентінде орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігінің №21450 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметкер Қапар Есбол Қалыбекұлы ауыр соққыға жығылған. Оқиға 2026 жылдың 10 қаңтарында болған. Салдарынан сарбаздың жақ сүйегі сынып, оған ота жасалған деп хабарлайды ozgeris.info сайты orda.kz сайтына сілтеп.

Orda.kz редакциясына берген сұхбатында Есболдың қорғаушысы Ғабит Өмірбеков істің бұрмаланып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиғаға келісімшарт бойынша қызмет ететін сержант Сайланұлы Айдынның қатысы бар.

Адвокаттың сөзінше, жанжал сапта тұрған кезде басталған. Сержант Сайланұлы Айдын сарбаз Қапар Есболды бірнеше рет балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Есбол оған жауап қайтарғаннан кейін олардың арасында түсініспеушілік туындаған.

Кейін сержант сарбазды жеке сөйлесуге шақырып, әріптестерінің алдында абыройын түсіргені үшін көрген сайын балағаттайтынын айтқан.

10 қаңтар күні күндіз сержант басқа сарбаздардың көзінше Қапарға қайта-қайта тиісіп, намысына тиетін сөздер айтқан. Есбол оны елемеуге тырысқанымен, кешкі уақытта сержант оны әскери бөлімнің екінші казармасындағы спортзалға ертіп барған.

Адвокаттың айтуынша, сол жерде сержант сарбазды шапалақпен ұрып, кейін темір затпен соққы жасаған. Соққыдан кейін Есбол тізерлеп отырып қалған. Осы сәтте сержант оның тұмсығына аяқпен тағы соққы жасап, оқиға орнынан кетіп қалған.

Қорғаушының айтуынша, қазіргі уақытта істі басқа сарбазға жабуға тырысып, оқиғаны бұрмалау әрекеттері болуы мүмкін.

Аталған дерек бойынша ҚР Бас прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі қылмыстық іс тіркеген. Қазір бұл істі арнайы прокурор тергеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Барлық жаңалық