Қазақстанда мемлекеттік деректер базасынан ақпаратты жүктеуге шектеу енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді деп жазды ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияда жеке деректерді қорғау нормалары бекітілген. Осы талаптарды іске асыру үшін бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге, сондай-ақ дербес деректер мен киберқауіпсіздік туралы заңдарға түзетулер қарастырылуда.
Министрлік деректерді қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуді көздеп отыр. Олардың қатарында ақпаратты маскирлеу және хэштеу әдістері бар. Бұл тәсілдер деректерді техникалық тұрғыда қорғап, рұқсатсыз қол жеткізу кезінде олардың жария болу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық жүйелерден деректерді тікелей жүктеуге шектеу қойылады. Негізгі басымдық жүйелерді өзара интеграциялауға берілмек. Ал деректерді жүктеу тек заңда нақты белгіленген ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
Бұдан бөлек, елде дербес деректер операторларының бірыңғай реестрі құрылмақ. Онда олардың қызметі жіктеледі, сондай-ақ сенімді шетелдік деректер алушылар тізімі жасалады.
Енді деректермен жұмыс істейтін ұйымдар ақпараттың таралуы немесе бұзылуы туралы уәкілетті органды және азаматтарды міндетті түрде хабардар етуге тиіс. Сонымен қатар олар деректерді өңдеу басталғаны жөнінде де алдын ала ескертуі қажет.
Жалпы, бұл шаралар Қазақстанда жеке деректердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.