Қазақстан Қытайға 1 500 киікті табыстауды жоспарлап отыр. Бұл қадам жануарлардың тарихи мекендеріне қайта оралуы мен жалпы популяцияның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің сөзінше, қазіргі таңда қазақстандық және қытайлық мамандар киіктерді жеткізудің нақты жолдарын, мерзімдерін және ұйымдастыру мәселелерін бірлесіп қарастыруда.
“Қазір киік популяциясының 99,9 пайызы Қазақстанда мекендейді. Алайда бұл жануарлар тарихи тұрғыда тек біздің елмен шектеліп қоймаған. Ғалымдардың пікірінше, киіктер көрші елдердің де аумақтарында мекендеуі тиіс. Сондықтан бұл – бүкіл аймақ үшін маңызды экологиялық бастама”, – деді Ерлан Нысанбаев.
Министр қазіргі уақытта жануарларды тасымалдау әдістері әлі нақтыланбағанын, түрлі нұсқалар қарастырылып жатқанын айтты. Жобаны жүзеге асыру биыл басталып, келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
“Жоба шығындары толығымен қытайлық тараптың есебінен өтеледі”, – деді министр.