Жаңалықтар

Қарағандыда ауыл медицинасын дамытуға 6 миллиард теңге бөлінді

Қарағандыда ауыл медицинасын дамытуға 6 миллиард теңге бөлінді

Мемлекет Қарағанды облысындағы ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында қосымша қаржы бөлді деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Үкіметтің шешімімен Мемлекеттік арнайы қордан 5,9 миллиард теңге бөлініп, бұл қаражат өңірдегі 51 жаңа медициналық нысанның құрылысын аяқтауға жұмсалмақ.

 

“Ауылды денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында салынып жатқан нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Шет, Ақтоғай, Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Нұра және Осакаров аудандарында дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер ашылады.

 

Жоба аясында халықтың алғашқы медициналық көмекке, профилактикалық шараларға және ауруларды ерте анықтауға қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар, шұғыл жағдайларда жедел жәрдем көрсету мүмкіндіктері де жақсартылмақ.

 

Ұлттық жоба аясында еліміз бойынша жалпы 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Бүгінде оның 480-і толық аяқталған. Құрылыс жұмыстары республикалық бюджеттен және Мемлекеттік арнайы қордан қаржыландырылып келеді.

Барлық жаңалық