Қарағанды облысының Нұра ауданында көпшілікті дүр сілкіндірген оқиға тіркелді. 23 қыркүйек күні “Асар” іздестіру-құтқару жасағының еріктілері өзен жағасынан ер адамның қаңқа сүйектерін тауып алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Alash.KZ сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның денесі Құланөтпес ауылынан шамамен бес шақырым қашықтықта анықталған. Әзірге оның кім екені белгісіз. Іздеушілердің мәліметінше, қаңқа табылған сәтте марқұмның үстінде сұр-жасыл түсті камуфляж шалбар, Armani белдігі және Northland маркалы қара кроссовки болған. Бұл жайт оның соңғы мезеттерінде қарапайым күнделікті киімде жүргенін аңғартады.
Сондай-ақ сүйектерден ерекше белгі байқалған: төменгі жақ сүйегінің алдыңғы үш-төрт тісі жоқ. Құтқарушылардың пікірінше, дәл осы дерек марқұмның жеке басын анықтауға көмектесуі мүмкін.
Қазіргі уақытта кім екені анықталмағандықтан, “Асар” жасағы облыс тұрғындарына арнайы үндеу жолдады. Олар марқұмға немесе оның туыстарына қатысты қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды тікелей іздестіру тобына не құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырып отыр.