Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровті 80 жас мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Президенттің құттықтау хаты Астанада өткен салтанатты жиында оқылды.
27 шілдеде Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды. Осыған орай елордада ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада Президенттің құттықтауын Премьер-министр Олжас Бектенов көпшілікке жеткізді.
«Халқымыз өзіңізді әйгілі ғарышкер, көрнекті қоғам қайраткері, отансүйгіш азамат ретінде айрықша қадірлейді. Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады. Біраз жыл кәсіби ұшқыш болып, жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз», – делінген Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтауда.
Президент өз құттықтауында Тоқтар Әубәкіровтің аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан еңбегін жоғары бағалап, мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасына амандық тіледі.
Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған негізгі мерекелік шаралар 1 тамыз күні Қарағанды облысының Қарқаралы өңірінде өтеді. Ғарышкердің туған жерінде кең көлемді той ұйымдастырылып, бес автокөлік тігіледі.