Жаңалықтар

Президент Тоқаев әлемде қақтығыстардың көбеюіне алаңдаушылық білдірді

Президент Тоқаев әлемде қақтығыстардың көбеюіне алаңдаушылық білдірді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінде дәріс оқып, халықаралық қауіпсіздік пен жаһандық тұрақтылық мәселелеріне тоқталды деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары әлемдегі қарулы қақтығыстар саны артып, әскери шығындар көлемі 2,7 трлн АҚШ долларына дейін жеткен. Президент бұл үрдіс халықаралық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отырғанын атап өтті.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі жағдайда ірі халықаралық дағдарыстарды тиімді шеше алмай отырғанына назар аударды. Оның пікірінше, бұған ұлы державалар арасындағы бәсекелестіктің күшеюі себеп болып отыр.

 

Президент БҰҰ-ны терең реформалау қажеттігін айтып, ұйым Жарғысы қазіргі геосаяси ахуалға сай жаңартылуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына орта державалардың қатысуын кеңейту және толық ядролық қарусыздану бағытындағы шараларды жандандыруды ұсынды.

 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы қаласында БҰҰ Университетінің өңірлік филиалын құру бастамасын көтерді. Аталған құрылым су және климаттық қауіпсіздік, қақтығыстардың алдын алу, тұрақты даму және жасанды интеллектіні басқару мәселелерімен айналысады.

 

Президент Университеттің Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын дамытуға дайын екенін мәлімдеді.

Барлық жаңалық