Жаңалықтар

Петропавлда 16 жастағы оқушы сірке суын ішіп қойып, ауыр жағдайда жансақтауға түсті (ВИДЕО)

Петропавлда 16 жастағы оқушы сірке суын ішіп қойып, ауыр жағдайда жансақтауға түсті (ВИДЕО)

Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданына қарасты Гусаковка ауылының 16 жастағы тұрғыны улы сұйықтық ішіп қойған. Қыз бала санавиация бортымен шұғыл түрде Петропавлға жеткізілді, деп хабарлайды ozgeris.info.

Зардап шеккен оқушыға шұғыл түрде мамандандырылған медициналық көмек қажет болған. Осыған байланысты "Қазавиаспас" солтүстік авиациялық отрядының ТЖМ ұшқыштары санитарлық авиация дәрігерлері мен облыстық балалар ауруханасының қызметкерлерімен бірігіп шұғыл тасымалдауды жүзеге асырды. Оқушы Айыртау ауданы Гусаковка ауылынан Петропавлдағы медициналық мекемеге санавиация арқылы жеткізілді. 

Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқушының жағдайына қатысты пікір білдірді. Ресми ақпаратқа сәйкес, 4 ақпанда 2009 жылғы оқушы химиялық күйікпен Айыртау аудандық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілген. 

"Бастапқы тексеру жүргізіліп, баланың жағдайы анықталғаннан кейін санавиацияны тарту туралы шешім қабылданды. Санавиация бортымен бейінді мамандар бригадасының сүйемелдеуімен науқас Петропавл қаласындағы Көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір бала жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Оның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, жағдайын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралар қабылданды", – деп хабарлады басқарма.

СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Барлық жаңалық