Шоу-бизнес

"Пәтер сұрауға ұялдым": Роза Рымбаева Назарбаевпен кездесуі жайлы айтты (ВИДЕО)

"Пәтер сұрауға ұялдым": Роза Рымбаева Назарбаевпен кездесуі жайлы айтты (ВИДЕО)

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуі жайлы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды

Өнер иесінің айтуынша, ол түрлі билік кезеңдерін бастан өткерсе де, сол жылдары ел басшыларымен бетпе-бет сөйлесуге мүмкіндік болмаған.

«Мен Дінмұхамед Қонаевтың да, Колбиннің де тұсында сахнада жүрдім. Бірақ олармен жеке сөйлесіп көрмедім. Олар мені тек сахнадан көрді, тыңдады. Өнерімді қабылдап, мойындады деп ойлаймын. Егер қабылдамаған болса, концерт бағдарламасында болмас едім», – деді әнші.

Роза Рымбаева экс-президентпен жеке кездесуі сахнада жүргеніне 25 жыл толған тұста болғанын атап өтті. Ол сол қабылдауға арнайы шақыртумен барған.

«Сахнадағы 25 жылдығым қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болдым. Ол кезде жолдасым Тасқынның қазасынан кейінгі алғашқы концертіме дайындалып жүрген едім, Мәдиімді жаңа дүниеге әкелгенмін. Мен оны есеп беру кешіме арнайы шақырдым. Ол келісті», – деп еске алды өнер иесі.

Әншінің айтуынша, сол кездесуде экс-президент көмек ұсынғанымен, ол ештеңе сұрауға ыңғайсызданған.

«Кабинетте отырғанда: “Роза, саған қандай көмек керек?” деп сұрады. Бірақ пәтерімнің тар екенін, төрт баламен, үш музыкантпен бірге тұрып жатқанымды айтуға ұялдым. Пәтер сұрамадым. “Қиындық болса, әкімдікке айтамын” дедім. Солай ештеңе сұраған жоқпын», – деді Роза Рымбаева.

Оның сөзінше, қабылдау соңында экс-президент үлкен раушан гүл шоғын және шағын естелік сыйлаған. Кейін ол есеп беру концертке келіп, алдыңғы қатарда отырып, әншінің өнерін тыңдаған.

 

Барлық жаңалық