Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин ауылында тұтас бір отбасын өлтіру ісі бойынша сот отырысы жалғасуда. Күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты тыңдалым барысында жаға ұстатарлық жаңа деректер белгілі болды. Қаскөй қылмысын жасыру үшін айлар бойы марқұмдардың телефонынан олардың туыстарымен хат алмасып келген деп хабарлайды ozgeris.info сайты azh.kz ке сілтеп.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің немере қарындасы Паризат Кенжеғалиеваның айтуынша, ол былтыр қараша айында ағасының мал-мүлкі сатылып жатқанын естіп, үйіне арнайы келген. Сол кезде аулада мал тиеп жатқан бейтаныс адамдарды көріп, сауданы тоқтатпақ болған. Осы уақытқа дейін ол марқұм Наурыз Мұқанғалиевпен WhatsApp арқылы сөйлесіп жүрмін деп ойлаған. Хаттарды басқа адам жазып отырғанынан бейхабар болған туысы күдік пайда болған соң бейнеқоңырау шалған, бірақ оған ешкім жауап бермеген.
Сот залында көз жасына ерік берген ол күдіктіге қарап: "Олардың қандай жазығы бар еді? Басыңды көтер!" – деп жан айқайын білдірді. Оның сөзінше, марқұмдардың ешкімге қарызы болмаған және тек өз еңбектерімен күн көрген.
Келесі кезекте жауап берген марқұмның немере інісі Шалқар Мұқанғалиев те Наурызбен хабарласпақ болғанын жеткізді. Оған "аздаған мәселелер туындағаны және анасының ауырып қалғаны" туралы жауап келген. Алайда уақыт өте келе хаттардың стилі күдік тудыра бастаған.
"Наурыз әдетте қатемен жазатын еді. Ал бұл жерде хаттардың жазылу мәнері мүлдем басқаша болды", – деді ол сотта.
Шалқар күдіктінің "өзін-өзі қорғадым" деген нұсқасына мүлдем сенбейтінін қадап айтты. Ол кінәлінің ата-аналарға, бес балаға және бүкіл туыстарға жазылмас жара салғанын жеткізді. "Бір рет пышақ ұрған адам қаннан қорқады. Ал мұнда оның жүрегі тасқа айналып кеткендей", – деп мәлімдеді куәгер.
Сот отырысы барысында іске қатысты мүлдем түсініксіз жаңа сұрақтар туындады:
-
Қанды балта: Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті табылған қорадан қан жұққан балта табылған. Бірақ сараптама нәтижесі балтадағы қан марқұмдарға тиесілі емес екенін көрсетті.
-
Қосалқы кілт: Қылмыстан біраз уақыт өткен соң үй есігінің алдындағы төсеніштің астынан қосалқы кілт табылған. Оны кім және қашан тастап кеткені әлі күнге дейін тергеуге беймәлім.
Аталған жұмбақ деректер сот тергеуі барысында одан әрі зерттелетін болады.