💰 Экономика

Офшордағы ақшаға енді тыныштық жоқ

Енді елден заңсыз қашқан ақша мен мүлік «құтылдым» деп арқаны кеңге сала алмайды. Қазақстан Интерполдың жаңа құралына қосылып, қаражат пен активтерді де халықаралық деңгейде іздестіруге мүмкіндік алды, деп жазады Ozgeris.info.

Бұған дейін Интерпол қылмыскердің ізіне түсіп келсе, енді офшорда тығылған доллар, шетелдегі зәулім сарай мен есепшоттағы жасырын қаржы да «қызыл шеңберге» ілігеді. Бас прокуратура мәліметінше, елімізге алғашқы «күміс хабарлама» келіп үлгерген. Бұл заңсыз шығарылған активтерді әлемнің кез келген нүктесінен іздеуге жол ашатын сигнал.

«Бұл құрал 196 мемлекеттің арасында заңсыз иемденген активтерді қадағалауға мүмкіндік береді. Яғни, жылжымайтын мүлік пен қаржы айналымын бақылауға жол ашылады», дейді Бас прокуратура.

Қазақстан былтыр осы пилоттық жобаға қосылып, Интерполдың арнайы жұмыс тобына мүше болды. Қазір топ құрамында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Ресей, Италия сынды алыптар бар.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері Қазақстан елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісін шындап қолға алды. Үш жылдың ішінде 1 трлн 130 млрд теңгеден астам қаржы мен мүлік елге қайтарылды. Оның ішінде БАӘ, Түркия, Австрия және Лихтенштейннен жеткізілген миллиардтар бар.

Яғни, офшорда «ұйықтап жатқан» қаражаттың енді қайда қашып құтылары белгісіз. Интерполдың күміс торы түбінде бәрін ұстайды.

Барлық жаңалық