Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жақында Шымкент қаласында қаза тапқан Нұрайдың өліміне байланысты әлеуметтік желіде өз пікірін жариялады. Ол бұл оқиғаның қоғам үшін аса ауыр әрі ойлантарлық жағдай екенін атап өтті деп жазады Оzgeris.info.
Ләйлә Сұлтанқызы марқұмның орнына өзін қойып көргенін айтып, жан дүниесінің астан-кестен болғанын жеткізді. Оның сөзінше, бір сәтте қаншама арман мен еңбек, ата-ананың үміті бір адамның қатыгездігі салдарынан аяқасты болған.
«Заң да, тәртіп те орындалады, жаза да беріледі. Бірақ қандай жаза тағайындалса да, Нұрай қайта келмейді», — деп жазды ол.
Сондай-ақ тележүргізуші әлеуметтік желілерде айтылып жатқан кейбір пікірлерге ашық наразылығын білдірді. Атап айтқанда, марқұмды кінәлайтын, «өзінше солай істеген шығар» деген сарындағы сөздердің адам шошырлық екенін айтты.
Ләйлә Сұлтанқызы Қазақстан Республикасының Конституциясына сүйене отырып, адам өмірі мен құқықтары ең қымбат қазына екенін еске салды. Оның айтуынша, ешбір адам күш көрсетуге, соққы жасауға немесе қысым көрсетуге міндетті емес.
«Қайтыс болған адамның күйін кешу мүмкін емес. Ал ата-ана үшін бұл — ең ауыр жаза. Қандай үкім шықса да, ананың жүрегіндегі жара жазылмайды», — деді ол.
Сонымен қатар ол әділетсіздікке, қатыгездікке, дұрыс тәрбие бермеген ата-аналар мен тоқтау айтпаған ортаға да өкпелі екенін жеткізді.
Ләйлә Сұлтанқызы жастарға да арнайы үндеу жасады. Оның айтуынша, қыздың артынан қайта-қайта қалмай қоюсыз жүру жігіттік емес, бұл сталкерлік болып саналады және заңмен қудаланады.
«Намыс — күш көрсету емес. Намыс — тоқтай білу. Намыс — “жоқ” дегенді қабылдау.Намыс — әлсізге қол көтермеу. Намыс — қорғау, қорлау емес», — деп түйіндеді тележүргізуші.
Ол қоғам бұл мәселелерді дер кезінде түсінбесе, кейін тым кеш болуы мүмкін екенін ескертті.