Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі енді тек саясат сахнасымен ғана емес, бизнес әлемімен де тығыз байланысты атала бастады. Бұған себеп – оның иелігіндегі Ресейдегі Азия-Тынық мұхит банкі (АТБ) арқылы есептеліп отырған рекордтық табыс көлемі, деп жазады Ozgeris.info.
2025 жылдың бірінші тоқсанында АТБ банкі 3,8 миллиард рубль таза табыс тапты. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Ал 2024 жылы бұл банк 14 миллиард рубль пайда түсіріп, оны сатып алуға кеткен шығынның орнын толық жапты. Қосымша таза кірісі де 8 миллиард рубльден асып жығылады.
Биыл банктің жылдық табысы 30 миллиард рубльге жетуі мүмкін деген болжам бар. Бұл – қазіргі бағаммен есептегенде шамамен 186 миллиард теңге. Мұндай көрсеткіштер оны тек табысты қаржы институты ғана емес, иесі үшін де нағыз алтын жұмыртқа салатын қаржы құралына айналдырып отыр.
Бүгінде банктің үлестірілмеген таза табысы 237 миллиард рубль, ал таза капиталы 40 миллиард рубльді құрайды. Яғни, теңгеге шаққанда Назарбаевтың тек осы бір банк арқылы жинаған капиталы 415 миллиард теңгеден асады. Доллармен есептегенде, шамамен 800 миллион.
Бұл көрсеткіш оны ресми түрде Қазақстандағы ең бай 15 кәсіпкердің қатарына қосар еді. Бірақ әзірге оның аты Forbes рейтингінен көрінбей отыр. Себебі оның қаржы құралдарын жеке тұлға ретінде емес, құрылымдық иелік арқылы басқаруына немесе банктің шетел юрисдикциясында тіркелуіне байланысты болуы мүмкін.
Кейінгі кездері банктің болашағына қатысты да қызықты жайттар байқалып отыр. Енді бұрынғы президент банк акцияларын өз туыстарының біріне, дәлірек айтқанда, ұлы Тауманға беруді жоспарлап жатқаны айтылады. Мұндай транзиттің сәтті өтуі үшін банктің халықаралық санкциялардан толығымен арылғаны маңызды. Сондықтан бұл процесте жоғары деңгейдегі саяси кепілдік те рөл ойнауы мүмкін.
Айта кетерлігі, Назарбаев бұған дейінгі қаржылық оқиғалардан соң жеке кеңесшілеріне сенуден қалған деседі. Енді ол активтерді сақтау мен беру ісін дербес бақылауда ұстап, сыртқы кепілдерге жүгінуі ықтимал.