Танымал орындаушы Ұлықпан Жолдасов Qazaqstan телеарнасында көрсетілетін «Бәрекелді!» бағдарламасына қонақ болып, өнер жолындағы ұстанымы туралы ашық пікір білдірді, деп хабарлайды Оzgeris.info ақпарат порталы.
Бағдарлама барысында өнер иесі өзін толыққанды әнші санамайтынын айтып, бұл атаққа тек ерекше диапазоны мен кәсіби деңгейі жоғары вокалистер ғана лайық екенін жеткізді. Оның айтуынша, әлемдік деңгейде танылған Димаш Құдайберген секілді өнерпаздарды ғана нағыз әнші деуге болады.
«Мен өзімді әнші емес, орындаушы деп санаймын. Даусым – қарапайым, қоңыр үн. Басқа адамдардан айырмашылығым – әнді дұрыс таңдай аламын. Гитараның сүйемелдеуімен орындаған әндерім халыққа жақын болды. Бірақ шетелге таныстыратындай, әлемдік сахнаға шығатындай мықты әнші емеспін», – деді Ұлықпан Жолдасов.
Сондай-ақ ол шығармашылық жолында өзіне сай келмейтін әндерден саналы түрде бас тартқанын да жасырмады. Әншінің айтуынша, кезінде «Тамаша» бағдарламасында орындаған бір әнін кейін қайта қарап шығып, ол туындының өз болмысына сәйкес келмейтінін түсінген.
«Сол кезде Ұлықпан Есенов ағамызға айтып, әнді эфирден алып тастауды сұрадым. Себебі ол ән менің табиғатыма, мінезіме сай келмеді», – деп еске алды ол.
Айта кетейік, Ұлықпан Жолдасов қазақ эстрадасында өзіндік стилі мен қарапайымдылығымен тыңдарманның ықыласына бөленген орындаушылардың бірі.