💰 Экономика

Мемлекеттік қолдау тоқтатыла ма?

Алдағы уақытта табысы жоғары кейбір отбасыларға мемлекеттік көмек көрсетілмейді. Бұл туралы AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info. 

Премьер-министрдің айтуынша, бұл шаралар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың масылдық психологиядан арылту туралы тапсырмаларын орындау үшін жасалып жатыр. 

«Мемлекет басшысы атап өткендей, біз масылдық психологияға тосқауыл қоюымыз керек. Цифрландырудың арқасында біз табысы жоғары отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын тоқтатып, бұл қаражатты қиын жағдайға тап болған адамдарға бағыттауды жоспарлап отырмыз», деді Бектенов.

Оның сөзінше, келесі жылдан бастап әлеуметтік шығындардың үлесі қайта қаралады. Сонымен бірге үкімет пен әкімдіктердің жұмысы азаматтардың өмір сүру сапасының жақсару көрсеткіштеріне қарап бағаланатын болады.

«Қаражатты теңгерімді жұмсау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасы әзірленді. Негізгі мақсат – ресурстарды шын мәнінде көмекке мұқтаж жандардың пайдасына қайта бөлу», деп түсіндірді премьер-министр.

Қазірдің өзінде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында пилоттық жоба іске қосылған. Бұл тәжірибе арқылы табысы жоғары, бірақ әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылар анықталып, оларға берілетін төлемдер тоқтатылмақ.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ақпандағы сөзінде әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау қажеттігін көтерген еді.

«Қазір  төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Тұратын үйі, тіпті астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет», деген болатын президент.

Сонымен қатар 2 қыркүйекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тұрмысы жақсы көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілмейтінін хабарлаған болатын.

Барлық жаңалық