Танымал қазақстандық актер Мұрат Бисембиннің қызы әкесінің қазіргі денсаулығы жайлы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Оzgeris.info ақпарат порталы.
Оның айтуынша, актер қатерлі ісікпен күресін әлі де жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, ол инсульт алып, соңғы бір жарым жылда ауыр әрі күрделі кезеңдерді бастан өткерген.Актердің қызы әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің жағдайы туралы ашық жазып, көпшіліктің сұрағына біржақты жауап беру қиын екенін жеткізді.
«Көпшілік менен әкемнің жағдайын жиі сұрайды. Оған нақты жауап беру оңай емес. Жағдайы әртүрлі: кейде жақсы, кейде ауырлау кезеңдер болады. Дегенмен біз әрдайым позитивті көңіл күйді сақтауға тырысамыз», – деп жазды ол.
Айтуынша, әлеуметтік желіде көбіне жақсы сәттер ғана жарияланады. Ал ауыр ем-дом, аурухана мен клиника арасындағы ұзақ жол, үздіксіз талдаулар, химиотерапия мен қайта қалпына келу кезеңдері көп жағдайда кадр сыртында қалады.Ол әкесін рухани да, физикалық тұрғыда да өте мықты адам деп сипаттап, ата-анасының барлық қиындыққа төтеп беріп келе жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда бізде бар жалғыз нәрсе – сенім. Әкемнің жағдайы міндетті түрде жақсарып, бір күні ремиссияға шығатынына үмітіміз зор», – деді ол.
Сондай-ақ ол бұл жағдайдағы ең ауыр сәт әкесінің бұрынғы дені сау, сергек кездерін еске алу екенін жасырмады. Дегенмен, актер күресін жалғастырып жатқанын айтып, бәрі жақсы болатынына сенім білдірді.
Желі қолданушылары пікірлерде Мұрат Бисембинге амандық, сабыр, күш-қуат тілеп, тезірек сауығып кетуін ниет етті.