Қоғам

Кәсіпкерлердің шамына тиген жаңа салық ережесі биыл жаздан кейін қайта қаралуы мүмкін

Кәсіпкерлердің шамына тиген жаңа салық ережесі биыл жаздан кейін қайта қаралуы мүмкін

Үкімет жалпыға бірдей салық режиміндегі компанияларға оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін бизнеспен серіктес болған кезде корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерді қолдануға салынған тыйымды алып тастауы мүмкін, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Uchet.kz сервисінің жазуынша, жыл басында күшіне енген жаңа Салық кодексіндегі бұл шектеу кәсіпкерлер арасында қызу талқыланып, үлкен түсініспеушілік тудырған еді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов бұл мәселені бизнес өкілдері жиі көтеріп жүргенін және оны шұғыл қайта қарау қажеттігін мәлімдеді.

Оның сөзінше бұл түйткілді вице-премьер Серік Жұманғарин арнайы тыңдап, шектеудің бизнеске тигізетін нақты әсерін бақылау қажеттігін айтқан. Енді жиналған нақты мәліметтер негізінде тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Салық заңнамасын жетілдіру аясында қазіргі таңда мәселені шешудің бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр.

• Біріншісі оңайлатылған және жалпыға бірдей режимдегі кәсіпорындар арасындағы операцияларға арнайы салық мөлшерлемесін енгізу болса;

• Екіншісі бухгалтерияға түсетін салмақты азайту үшін жалпы режимге өтетін шағын және орта бизнес субъектілеріне салық есебін жеңілдету болып отыр.

«Біз қазірдің өзінде белгілі бір тәуекелдерді көріп отырмыз және толық тыйым салу сияқты өте қатаң шешімнен балама нұсқаларға өту қажет деп санаймыз», – деді Тимур Жәркенов.

Палата өкілі қазіргі уақытта бизнестен екі режим арасындағы жұмыс кезінде арнайы мөлшерлемені 6% көлемінде бекіту ұсынылып отырғанын, ал мемлекеттік органдар оны 12% шамасында белгілегісі келетінін жеткізді.

Кәсіпкерлер бұл жоғары көрсеткішпен келіспейтіндіктен, мәселе әлі де талқылану үстінде.

Дегенмен салық жүйесіндегі бұл шектеулерге қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Өйткені жаңа заңның бизнеске тигізетін салдары туралы толық мәліметтің болмауы шұғыл шешім шығаруға кедергі келтіріп отыр.

Тимур Жәркеновтың мәліметінше заңнамаға өзгеріс енгізу парламенттің жаңа құрамы жасақталғаннан кейін ғана мүмкін болады, яғни бұл процесс 2026 жылдың бірінші шілдесінен кейін ғана жүзеге аспақ.

Барлық жаңалық