Оқиға

«Жұмыстан заңсыз босатылдым»: Түркістанда мұғалім сот залында өзіне пышақ сұғып алды

«Жұмыстан заңсыз босатылдым»: Түркістанда мұғалім сот залында өзіне пышақ сұғып алды

Журналист Мөлдір Нұрман әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістан облысындағы ұстазға қатысты жағдайды жариялап, жауапты органдардың назар аударуын сұрады, деп хабарлайды ozgeris.info.

Журналистің мәліметінше, видеода көрсетілген азамат – 24 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Х. Еримбетов. Ол 2026 жылдың қаңтар айында М.Х. Дулати атындағы жалпы білім беретін мектептен жұмыс беруші тарапынан ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы негізінде жұмыстан босатылған.

Өзінің заңсыз жұмыстан шығарылғанын алға тартқан Х. Еримбетов Түркістан облысының Еңбек инспекциясына шағымданған. Тексеру қорытындысы бойынша еңбек инспекциясы жұмыс беруші тарапынан заң бұзушылықтарды анықтап, мектеп директорына мұғалімді бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы нұсқама берген. Алайда бұл нұсқама екі рет шығарылғанымен, орындалмаған.

Осыған байланысты Х. Еримбетов сотқа жүгінген. Алайда еңбек дауына қатысты іс бойынша нақты шешім бес айға жуық уақыт өтсе де қабылданбай, сот процесі созылып келе жатқаны айтылған.

Алты баланың әкесі Х. Еримбетов бес айға жуық жұмыссыз қалып, ауыр күйзеліске түскен. Автордың жазуынша, 2026 жылғы 28 мамырда сот отырысы барысында ол іске төрағалық етуші судьяға қарсылық білдіріп, сот залынан шығып кеткен.

Бүгін Ордабасы аудандық сотында оған қатысты «сотқа бағынбау» бабы бойынша әкімшілік іс қаралып, бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарылған. Видеодағы жағдай осы шешім жарияланғаннан кейін түсірілгені көрсетілген.

Мөлдір Нұрманның мәліметінше, бес ай бойы жұмыссыз жүруі, банк шоттарының бұғатталуы және Түркістан облыстық Еңбек инспекциясының жұмысқа қайта орналастыру туралы нұсқамасы бола тұра әділдікке қол жеткізе алмауы азаматтың психологиялық жағдайына ауыр әсер еткен. Соның салдарынан ол өзіне зиян келтіруге әрекет жасағаны айтылуда.

Қазіргі уақытта Х. Еримбетов Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Журналист осы жағдайға жауапты мемлекеттік органдар мен құзырлы тұлғалардың назар аударуын сұрады.

 

Барлық жаңалық