Жаңа Конституция талаптарына сәйкес, жалдау ақысын төлемеген азаматты тұрғын үйден шығару мүмкін бе деген сұраққа Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев түсініктеме берді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, Конституцияның 28-бабында тұрғын үйге қол сұғылмаушылық қағидаты бекітілген. Аталған нормаға сәйкес, ешкімді тұрғын үйінен сот шешімінсіз шығару немесе баспанасынан айыруға жол берілмейді. Сонымен қатар тұрғын үйге кіру, тексеру немесе тінту жүргізу заңда белгіленген тәртіппен ғана жүзеге асырылады.
Асламбек Мерғалиевтің сөзінше, бұл өзгерістер заңды меншік иелерінің құқықтарын қорғауға бағытталған. Дегенмен, бұл норма жаңа тәжірибе емес — ұқсас ережелер бұған дейін де Азаматтық кодексте және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда қарастырылған.
Соттың негізгі міндеті — азаматқа «тұруға рұқсат беру» емес, оның бұл тұрғын үйде заңды негізде тұрып жатқан-тұрмағанын анықтау. Егер азаматтың тұруға құқықтық негізі болмаса, онда сот оны шығару туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Жоғарғы соттың мәліметінше, тұрғын үйді пайдалану құқығы тек заңды меншік иесіне тиесілі. Сондықтан меншік иесі өз мүлкін жалға беріп, келісімшартта белгілі бір талаптарды белгілей алады. Егер жалға алушы сол талаптарды бұзса, меншік иесі келісімшартты бұзып, тұрғын үйді босатуды талап етуге құқылы.
Айта кетейік, мұндай даулар сирек жағдайда ғана сотқа дейін жетеді. Көп жағдайда тараптар келісімшарт талаптарын сақтаған кезде жанжал туындамайды. Ал келісімшарт бұзылған жағдайда сот жалға алушыны тұрғын үйден шығару туралы шешім қабылдап қана қоймай, меншік иесінің шығындарын, соның ішінде заңгерлік қызметке кеткен қаражатты өтеуді де міндеттеуі мүмкін.
Сот өкілдерінің айтуынша, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін құқықтық белгісіздік туындамайды. Негізгі қиындықтар көбіне тараптар арасында ресми келісімшарт болмаған жағдайда орын алады. Мұндай кезде әрі меншік иесіне, әрі жалға алушыға өз талаптарын дәлелдеу қиынға соғады.