Алматы қаласында жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипед тізгіндеген курьер соқтығысты. Жол апаты салдарынан жас жігіт алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Қайғылы жағдай 1 шілде күні кешкі сағат 21:00 шамасында Алатау ауданында болған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты kriminal_kazakhstan телеграм арнасына сілтеп.
Оқиға Райымбек даңғылы мен Фуркат көшесінің қиылысында тіркелді. Бұл аумақта қазіргі таңда арнайы BRT желісінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Куәгерлердің сөзіне қарағанда медициналық көлік жарқылдауық шамдарын қосып шығыс бағытта келе жатқан. Ал 2004 жылы туған мопед жүргізушісі даңғыл бойымен батысқа қарай қарсы бетке шығып кеткен. Көз жұмған азамат курьер болып жұмыс істеген.
Құрылыс алаңында қазір уақытша қозғалыс сызбасы жұмыс істейді. Мұнда жаңартылған жол белгілері мен арнайы жол сызықтары әлі қойылмаған.
Қалалық полиция департаментінің анықтау басқармасы кісі өліміне әкеп соққан апат бойынша қылмыстық іс қозғады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөлімі таратқан ақпаратқа сәйкес сотқа дейінгі тергеу шеңберінде қайғылы оқиғаның толық мән-жайы мен қатысушылардың кінәсі анықталып жатыр.