Қоғам

"Жақын адамымыздан айырылдық": Дана Нұржігіт қайғылы жазба жариялады (ФОТО)

"Жақын адамымыздан айырылдық": Дана Нұржігіт қайғылы жазба жариялады (ФОТО)

Журналист Дана Нұржігіт Астанадағы танымал аллерголог-иммунолог, педиатр, профессор Рафаил Розенсонның дүниеден өткенін айтып, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

Тележүргізуші дәрігердің отбасына көрсеткен қамқорлығын еске алып, ұлының оны бала күнінен ерекше құрметтегенін жеткізді.

«Рафаил Иосифович Розенсон өмірден өтіпті. Біз ұлыммен оны “Сиқырлы дәрігер” деп атайтынбыз. Бес жасар Әлім алғашқы қабылдаудан кейін оған осы атты қойған еді. Қазір ұлым 15 жаста. Рафаил Иосифовичті Астанадағы көптеген ата-ана мен балалар жақсы білетін. Иммунолог, аллерголог, педиатр, профессор, ғалым. Құдай берген дәрігер, нағыз зиялы жан еді», – деп жазды Дана Нұржігіт.

Оның айтуынша, дәрігердің бар ғұмыры адам емдеуге, кеңес беруге және шәкірт тәрбиелеуге арналған.

«Күн сайын ол өз ісін адал атқарды – емдеді, кеңес берді, дәріс оқыды, адамдарға қызмет етті. Себебі дәрігерлік – қызмет ету мамандығы», – деді журналист.

Жазба соңында Дана Нұржігіт Рафаил Розенсонды өз ұлының өсіп-жетілуіне куә болған дәрігерлердің бірі ретінде еске алып, оның отбасы үшін де орны бөлек жан болғанын айтты.

«Әрдайым мейірімді, жанашыр Рафаил Иосифович бізге көмектесуге асығатын. Әрқашан. Ол – менімен бірге ұлымды өсірген дәрігерлердің бірі. Бүгін біз жақын адамымыздан айырылдық. Жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», – деп түйіндеді ол.

Рафаил Розенсон – Астанада ұзақ жылдар еңбек еткен медицина ғылымдарының докторы, профессор, аллерголог-иммунолог және педиатр ретінде кеңінен танылған маман болған.

Барлық жаңалық