«Қалаулым» жобасы арқылы танылған Бауыржан Зорбай әлеуметтік желіде тағы да қызу талқыға түсті. Бұл жолы дау Instagram желісіндегі abdreevakz атты қолданушының жазбасынан кейін өршіді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты.
Желі қолданушысы өз парақшасында Бауыржан Зорбайдың жеке өмірі мен отбасылық қарым-қатынасына қатысты өткір әрі ашық пікір білдіріп, ер азаматты жарының қадірін бағалауға шақырды. Оның айтуынша, бұл тақырып қозғалған сәттен бастап өткен оқиғалар көз алдына «кинолентадай» қайта оралған.
«Әйеліңнің қадірін біл, Бауыржан. Бұл жайлы сөз қозғалғанда, барлығы көз алдымнан өтті. Сенің жүрегің мен жаныңда сол сәттер өшпей тұрғанда бағала. Мен де сені түсінуге тырыстым. Өз таңдауымды қабылдадым, сенің таңдауыңды құрметтедім. Сен де менің шешімімді сыйла. Сенің жүріс-тұрысыңа, басқа қыздармен араласуыңа “стоп” қоя алатын адам – мен», – деп жазды ол.
Сонымен қатар жазба авторы бұл пікірді жариялауына не себеп болғанын да түсіндірді. Оның сөзінше, әлеуметтік желідегі «жылтырақ өмірге» алданып қалмау – бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселе.
«Қазіргі таңда жанындағы ер адамға көзсіз сену қиын. Барлық ер-азаматты бірдей жамандаудан аулақпын, адал, нағыз ерлер де бар. Алайда желіде көрсетілетін өмір мен шынайы өмірдің айырмасы жер мен көктей болуы мүмкін. Бұл – менің жеке шешімім. Түсінгендерге де, түсінбегендерге де алғысым шексіз», – деді ол.
Аталған жазбадан кейін желі қолданушылары түрлі пікір қалдырып, қызу талқыға көшті. Кейбір оқырмандар Бауыржан Зорбайдың жұбайы мен аталған әйелдің бір-біріне қатты ұқсайтынын айтып, «адамға адал болмаса да, талғамына адал екен» деген сарказмға толы пікірлер жазған.
Айта кетейік, Бауыржан Зорбай 2022 жылы отбасын құрған. Қазіргі уақытта ол – отбасылы.
Өз парақшасында бұл іске қатысты жазба жариялады:
"Мен жеңілдім. Ешкіммен ешқандай сөз таластырмаймын. Кейін ақ-қарасын өздеріңіз пайымдап аларсыздар. Менде ондай ақша жоқ беретін. Отбасыммен қоштастым. Амандық тіледім. Қимадым. Жыладым. Кеттім", - деп жазды ол.
