Жамбыл облысының Ерке елді мекенінде көз жұмған Мадина Рашидқызы жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қайғылы оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылып жатыр.
Марқұмның жаназасына қатысқан журналист әрі блогер әлеуметтік желідегі жазбасында Мадинаның құрбысы Зейнептің оған қиын сәтте жан-жақты қолдау көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Зейнеп марқұмның анасының қасынан табылып, ақпарат таратуға және ұйымдастыру жұмыстарына көмектескен.
«Мадинаның жаназасында бүгін болдым. Журналист ретінде емес, қазір жеке тұлға ретінде пікір білдіріп отырмын. Threads желісінде оның құрбысын қаралап жатқандар бар. Алайда дәл сол жерде Мадина үшін шырылдап жүрген, жүгіріп көмектесіп, ақпарат таратып жүрген де сол құрбысы. Ол марқұмның анасының жанынан табылып, қолдау көрсетті», – деп жазды @qazaqtynaruzhany.
Автор марқұмның анасының қайғысын және артында қалған сегіз айлық сәбиінің жағдайын көріп, жүрегі ауырғанын жеткізді. Сондай-ақ жаназаға Мадинаның қайын жұрты қатыспағанын атап өтті.
Бұған дейін Мадинаның құрбысы Зейнеп Threads желісінде оның отбасындағы жағдай туралы бірнеше рет жазған. Оның айтуынша, Мадина күйеуінен зорлық-зомбылық көрген. Зейнеп марқұмның денесіндегі көгерген іздерді өз көзімен көргенін және Мадинаның жарақаттарының суреттерін оған жіберіп отырғанын айтқан.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің адамды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бабына сәйкес соталды тергеу басталды.
Қазіргі уақытта істің мән-жайы анықталып жатыр.