Петропавлда көпбалалы әйелін ұзақ жылдар бойы ұрып-соғып, әлеуметтік желіге әйелдердің ішкі киімінде түсірілген видеолар жариялаған ер адамға сот 12 ай бойы жұбайы мен балаларымен байланысуға тыйым салды, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
“НеМолчи.kz” қорының мәліметінше, әйел күйеуінің зорлығынан мүгедек болып қалған. Ол анасын паналап кеткен, ал бес баласы әкесімен қалған.
Оқиға жария болғаннан кейін полиция мен қорғаншылық органдары тексеріс жүргізіп, ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғады. Сот оны ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша кінәлі деп танып, бес тәулікке қамауға алды. Сонымен бірге, бір жыл бойы әйеліне және оның келісімінсіз балаларға жақындауға, байланыс орнатуға тыйым салынды. Сондай-ақ ол психологиялық көмектен өтуге міндеттелді.
Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс те қозғалғанын хабарлады. Қазіргі таңда балалар анасымен және әжесімен бірге қауіпсіз жерде.
Құқық қорғау органдары азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы дереу 102 немесе 111 нөміріне хабарлауға шақырады.